Астана съезі әлемдегі ең ірі форумдардың біріне айналды - Митрополи́т Иларио́н

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орыс православие шіркеуінің епископы, Волоколам митрополиті, Мәскеу мен бүкіл Русь Патриархінің викариі Митрополи́т Иларио́н әлемдегі діни қақтығыстардың алдын алу жолында өз пайымымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, экстремистер мен террористер жалған діни ұрандарды пайдаланып, жазықсыз қан төгіп, қылмыстарын жалғастыруда. Олардың мақсаты - қоғамды жік-жікке бөліп, әртүрлі діндегі адамдардың арасында алауыздық туғызу. Мұндай сын-тегеуріндерге төтеп беру үшін экстремизмді қабылдамайтынымызды білдіріп келеміз. Терроризммен күрес тек күш біріктіру арқылы ғана жүзеге асатынын айтқымыз келеді», - деді Митрополи́т Иларио́н.

Орыс шіркеуінің епископы Сирия, Ирак және әскери қақтығыстан зардап шеккен өзге де мемлекеттерді қалпына келтіруде біріге жұмыс атқару керектігін атап өтті.

«2003 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан съез әлемге танымал дін басшыларының басын қосып келеді. Мұндай ізгі бастама үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын. Нұрсұлтан Әбішұлының белсенді ұстанымының арқасында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанадағы съезі - заманның өзекті мәселелерін талқылауға арналған әлемдегі ең ірі форумдардың біріне айналды», - деді ол.

Оның айтуынша, кей кездері әртүрлі сылтаулармен белгілі бір мемлекет екінші мемлекеттің ішкі ісіне араласа бастаған кезде, мұның соңы соғыс пен тәртіпсіздікке ұласады.

«Бүтіндей бір мемлекеттің экономикалық, академиялық және әлеуметтік инфрақұрылымының күлі көкке ұшады. Мұның арты білім ала алмау мәселесіне және жұмыссыздыққа әкеледі. Іс насырға шапқан соң келешекте ол ел террористерді дайындау ошағына айналуы мүмкін. Себебі, экстремистік идеяны насихаттау арқылы адамды оңай ақша табу жолына еліктіру қиын емес. Біз террористердің аузынан қасиетті жазбалардың ішінен бөлініп алынған контексті жиі естиміз. Алайда зорлық-зомбылық - кез келген діни оқуға қарсы екені айқын. Дін махаббатқа, жақсылыққа, бейбітшілікке шақырады. Террористер діни киіммен жүруі мүмкін. Бірақ, бұл әрекет оларды сайтанның құлы болудан құтқармайды. Сондықтан, жастарды радикалдардың деструктивті ықпалынан құтқару керек», - деді Митрополи́т Иларио́н.

Еске сала кетсек, елордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  VI съезі өтіп жатыр.

Съез барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, қауіпсіз әлемді қалыптастыру жолында конфессияаралық, өркениетаралық диалог орталығын бекітуге дайын екенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Ватиканның папалық кеңесіне «Дінаралық диалогқа үлес қосқаны» үшін сыйлығын табыс етті.

 

Соңғы жаңалықтар