Астана - Рухани жаңғыру

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады.  Осыдан екі ғасыр бұрын мұхиттың ар жағындағы сан ұлттан құрылған ел - АҚШ-та тәуелсіздігін жариялап, астанасын Вашингтонға көшірді. Джордж Вашингтонның саяси шешімі, алып мемлекеттің қалыптасуына жол ашты. Ол саясат «өзін-өзі қорғай алған елдер ғана өсіп-өркендеген» ұғымынан туған идеология. ХХІ ғасырдың табалдырығында тәуелсіздігіне 7 жыл болған ел өмірбаянында тарихи және саяси ірі оқиға ел орадасы Алматыдан  Астанаға көшті.

Қазіргі Астана орын тепкен Сарыарқа даласына Ғұн империясынан кейін терең із қалдырған мемлекеттік құрылым - Дешті Қыпшақ бірлігі. Ресей мен Орталық Азияға, одан асып Шығыс Еуропаға әскери-тұрмыстық және қалалық мәдениетті мол дарытқан қыпшақтар елорда төңірегінде талай шаһарлардың шаңырағын көтерген екен. Солардың бірі - Астанадан қол созым жердегі Бытығай қаласы. Бүгінде Бытығайдың сілемі ғана бар.

Археолог-өлкетанушы Василий Солочинскийдің 1955 жылғы зерттеуінде ғана Ақмола шаһарының астында жиырмаға жуық қалашық болғаны айтылады.

Абылай хан даңғылының бойында Ауғанстандағы соғыста қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш салып жатқанда жер астынан қола дәуіріндегі қоныс-зираттың орны табылады.

Археологтар шақырылып, ескі қорымның тарихи маңызы анықталады. Ғалымдар докторлық монографияларын ойлап, құрылысты тоқтату туралы дабыл қақты. Бірақ ескерткіш  9 мамырда тойланатын Жеңіс күніне дейін ашылу керек болды...

Мәңгілік ел тарихындағы ежелгі жәдігерді уақыт келіп, сәті  түскенше қазіргі ескерткіш қорғап тұрары анық.

Ежелгі Қараөткел - дүниенің төрт бұрышына осылай мәлім болыпты. Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы Қазақ даласын қақ жарған Есіл өзенімен талай тарих ағып өтті.

Қазақстанда сексен бес мыңнан аса ірілі-ұсақты өзен бар. Осы өзендердің жетеуі ғана бір мың шақырымнан ары созыла ағады.  Астананың ортасын қақ жарып ағып жатқан Есіл - сол жетеудің бірі. Сарыарқадағы Нияз тауынан басталып, Батыс Сібірге жеткенде Ертіске қосылатын өзеннің ұзындығы - 2 450 шақырым.

1830-1832 жылдары Есілдің жағалауы, қазіргі Қосшыда Ақмола әскери округі құрылды. Ұлан далада әскери бекіністер қаптап, қарулы казактардың жергілікті тұрғындарға зорлық-зомбылығы көбейді.

Хан Кене атқа қонды.

1838 жылдың 28 мамырында Кенесары хан Ақмоладағы әскери бекіністі басып алды. Осы күнді жаңа күнтізбеге көшіргенде 10 маусым шығады. Хан Кене Ақмола бекінісін алған күннен тұп-тура 160 жыл өткенде тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының тұсаукесері өтті.

Бұл 1998 жылдың 10 маусымы болатын.

Кенесары ханның арман - мақсатына жетпегені тарихтан белгілі. Дала іштен тынды. Ал қала баяу да болса, іргесін кеңейте берді.

1862 жылдың 23 қазанында Ақмолаға Ресей империясының қаласы деген дәреже берілді. Қаланың ұзақ жылдар бойы негізгі кәсібі сауда-саттық болды. Кейінгі ғасырда ғана мұнда мәдени мекемелер салынып, архитектуралық ғимараттар бой көтерді.

Қазіргі Астана қаласының әкімдігі орналасқан ғимарат - 1961жылы Кенес Одағында салынған ең зәулім Компартия мекемесі.

Коммунистік партияның Бірінші хатшысы Никита Хрущев еліміздің солтүстіктегі 5 облысын Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстанды біріктіріп «Тың өлкесі» деген аймақ құрды. Келесі шешім оны Ресейге қосу болып жоспарланады.

Осы 1961 жылы Ақмола қаласы Целиноград болып өзгертіледі.

Ел билігі өз қолында болмаса, саяси сұрқиялылықты адамның көз жасы да, күнәсіз құрбандықтар да тоқтата алмасы белгілі. Коммунистік партия басшысының волюнтаристік қөзқарасына сол кезде тойтарыс бере алған азаматтар есімі бүгінгі елорда көшелеріне берілді.

Уақыттан өткен әділқазы жоқ. Қай кезде де мықтыны мықты түсініп бағалаған.

1997 жылы Астанаға көшіп келдік. Сол кездегі Елорда тынысын байқататын Республика даңғылы еді. Осы көшемен ерке Есілді кесіп өтетін көпірден әрмен қарай Республика даңғылы Жұмабек Тәшенов көшесі болып жалғасады. Тәшенов көшесі Тәуелсіздік даңғылымен жалғасып Ұлттық музей мен Тәуелсіздік сарайына апарады.

Астанасына қарап елін таниды. Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, мемлекетігіміздің алтын діңгегін құраған Алматыдан Астанаға Ұлы көш идеясы қалай туды?

Әйгілі жазушы Оралхан Бөкейдің «Қазақ әдебиеті» газетінде 17 шілде 1992 жылы  жарияланған «Президенттің бір аптасы»  эссесін оқығанда, сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел болашағы үшін ерекше шешімді іштей қабылдағанын аңғарымыз.

17 шілде 1992 жыл. "Қазақ әдебиеті" газетінде  Бас редактор, жазушы Оралхан Бөкейдің «Президенттің бір аптасы»  эссесі жарияланды.  Еліміздің  жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанына алты ай болған.  Мақсат айқын, бағыт - әлемдегі тәуелсіз елдердің қатарына қосылу.

«Осы жеті күнде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жер шарының жартысын аралап шықты деуге болады. Қай жерге барсақ та  сол жерден Қазақстанның күн арқалап салынған қыран құсы бар көк туын көрдік. Құдай-ау, бізді де әлем тани бастаған, әлем мойындай бастаған, егеменді ел болдық-ау, ұзағынан сүйіндірсін деп тіледік», деген Оралхан Бөкей сөзінен сан ғасырлар ата-бабаларымыз аңсаған ұлттық санадағы өрелі өсиетке оралады.

«Үлкен сапар Ақмоладан басталды. Көңіліме түйгенім: алдағы халықаралық үлкен кездесулерге барар жолында Президент аруақты жер Сарыарқаға арнайы бұрылып, атажұртқа тәуәп еткені, батырлар бас қосқан жерге табанын тигізіп, рухани қуат, медет алғаны еді» деп бір ойдан хабар береді Оралхан ағамыз.

Қазақстан, Ресей, Еуропада жеті күн Нұрсұлтан Назарбаевпен сапарындағы өте қызу да қызықты кездесулерді журналистік көзқараспен бақылаған Оралхан Бөкей жазушылардың бас газетінде осындай қортындыға келеді.

Қаламгер қиялы тәуелсіз елді тар жол, тайғақ кешуінен алып өтетін Тұңғыш Президент және Ұлт Көшбасшысынан естіген жаңа астана туралы идеяның рухани  жаңғыруына үн қосу еді. Ертеңгі  жасампаз күн мен жарқын болашақ адамдардың санасындағы өзгерістерсіз орындалмасын аңғарту.

Ата тарихтан білетініміздей астана болған қалалардың барлығы да ұлттың өсіп-өркендеуіне тікелей әсер еткен.  Арада екі ай өте 18 қыркүйекте «Қазақ әдебиетінде» пікіралысу орайында "Астананы Ақмолаға көшірсек" басты тақырыбында үлкен мақала шықты. Апта сайын бұл мәселе зиялылардың басылымында 2 жыл қатарынан талқыланып отырды.

6 шілде 1994 жылы Республика Жоғарғы Кеңесі астананы Ақмолаға көшіру туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын қолдап дауыс берді.

Жаңа астанада, адамдардың да санасы жаңартылуына жол ашылды.  Екі аптада Ақмоладағы басты көшелердің  барлығы дерлік ұлттық тұлғалар атымен жаңартылды.

Тарих жолы қашанда тайғақ. Төл тарихымыздағы қасиетті бабаларымыз жүріп өткен өмір салтынан үйренер өнегелі үлгілері аз емес. Асығыс жағдайда өзгертілген көшелердің қала сыртындағы 200 метрлік бөлігі Қаракерей Қабанбай батырға бұйырды. Ел өсті, мемлекет өркендеді.  Қазір бұл даңғыл 20 шақырымға созылып жатыр. Мемлекеттік Қабанбай қорығы, Ұлттық пантеон салынуда.

Жер жүзіндегі дүниетаным өзгеріс үстінде. Ғылыми білім мен технологиялар саласында үлкен төңкерістер күн сайын тіркелуде. Бұл өзгерістерде алға тартқан озады. Кейін кеткен тозады.       

Елорда да 100 мектеп,  20 колледж, 20 жоғары оқу орны бар.

Олардың қатарында халықаралық стандартпен сабақ берілетін мектептердегі  оқушылар,  сол  Астанадағы тапсырған қорытынды емтихандарының нәтижесімен дүниежүзіндегі кез-келген жоғары оқу орындарына қабылдана алады.

Біз де Астананың, Астана да біздің ұлттық сана-сезіміміздің көкжиегін кеңейте бермек. 

Рухани жаңғыруға бастай бермек.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист
Махат Садық     

 

 

Соңғы жаңалықтар