Астана прокуратурасы заңсыз жұмысқа алынған Түркия азаматтарын елдеріне қайтарды

None
None
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Астана қалалық прокуратурасы 2013 жылдың өткен тоқсанында «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметінде «TROY Tech» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру заңдылығына тексеру жүргізді.

Тексеру барысында Түркия Республикасының азаматтарын жұмысқа тарту мақсатында уәкілетті органға тапсырылған құжаттар жалған болғаны анықталды. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.

«Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің қағидалары мен шарттарына сәйкес, рұқсат беру тәртібі мен шарттары нақты айқындалған. Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің негізгі шарттарының біріне шетел азаматының білімі және медициналық анықтамасының болуы міндетті. Дегенмен, жүргізілген тексеру нәтижесінде, аталған кәсіпкерлік субъектісінде жұмыс істеген шетел азаматтары ұсынған 10 медициналық анықтаманың барлығы жалған екендігі анықталды»,- делінген баспасөз баянында.

Сонымен қатар, Түркия азаматы Догру Шабанның тарапынан жоғарғы оқу орнын бітіргені жөнінде жалған диплом ұсынылғаны анықталды. Бұл заңсыздықтарға қарамастан уәкілетті орган аталған мекемеге 10 шетел азаматын жұмысқа тартуға рұқсат берген. Осыған байланысты қалалық прокуратура аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізу үшін оны ішкі істер органына жолдады.

Бұған қоса, ұсынылған жалған медициналық анықтамалар бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін жинақталған құжаттар ішкі істер органына жолданып, ол бойынша да қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ, Астана қаласының прокуратурасы уәкілетті органға енгізілген прокурорлық ықпал ету актісінің негізінде, Түркия азаматтарын жұмысқа тарту үшін берілген рұқсаттың күші жойылып, шетел азаматтары өз елдеріне қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар