Астана процесінің бесінші кезеңіне барлық кепіл мемлекеттер қатысады - ҚР СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сириядағы  жағдайды реттеу бойынша 4-5 шілде күндері елордада өтетін Астана процесінің 5 кезеңіне дайындық барысы туралы әңгімеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, бесінші жиынға барлық кепіл мемлекеттер қатысатындарын растаған.

«Барлық кепіл мемлекеттер Сириядағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздердің V кезеңіне қатысатындарын растады. Оған РФ Президентінің арнайы өкілі, РФ Сыртқы істер министрінің арнайы өкілі, Түркия мен Иран сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары келеді», - деді Әбдірахманов.

Келіссөздердің өзге де қатысушылары арасынан әзірге Сирия үкіметі мен Сирия қарулы оппозициясының ғана келу-келмеуі белгісіз.

 «БҰҰ арнайы өкілі Стаффенде Мистура мен Иордания делегациясы да келіссөздерге қатысатындарын растады. АҚШ  та бақылаушы ретінде өзінің жоғары лауазымды өкілін жібереді деп күтілуде.  Сирия араб республикасы мен Сирия қарулы оппозициясының қатысуы туралы нақты шешімді күтіп отырмыз», - деді министр. 

Еске сала кетсек, Сириядағы жағдайды реттеу бойынша Астана процесінің V раунды 4-5 шілде күндері Қазақстан астанасында өтеді. Бұған дейін сирияаралық келіссөздер мәселелері бойынша 23-25 қаңтар, 15-16 ақпан, 14-15 наурыз және 2-3 мамыр күндері төрт кездесу өткен еді.

Соңғы жаңалықтар