Астана процесінің әр раунды Сирия жеріне тұрақтылықты жақындата түсуде – ҚР СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана процесінің әр раунды Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың қайта орнауына бізді бір қадам жақындата түсуде. Бұл туралы бүгін Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі Астана процесінің жалпы отырысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан Сирия бойынша Астана процесінің кезекті раунды өз мәресіне жетті. Соңғы екі күн ішінде келіссөздерге қатысушы тараптар Сириядағы жағдайды ары қарай тұрақтандыруға және ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызды әрі мазмұнды келіссөздер өткізді», - деді жалпы отырысты ашқан Ержан Ашықбаев.

Сонымен қатар ол 2017 жылдан бері Астанада өткізіліп келе жатқан және Женева процесінің ажырамас бөлігі болып табылатын келіссөздің әр раунды Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың қайта орнауына бізді бір қадам жақындатып келе жатқанын атап өтті.

«Шешімі табылмастай көрінген күрделі мәселелер кепілгер елдердің ауқымды күш-жігерімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты қолдауының арқасында тиімді түрде реттелуде», - деді Ержан Ашықбаев.

Айта кетейік, жалпы отырысқа Иран Ислам Республикасының, Ресей Федерациясының және Түркия Республикасының өкілдері, Сирия Үкіметінің және қарулы оппозициясының, бақылаушы тарап мәртебесіндегі БҰҰ, Иордания делегациялары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар