Астана процесіне қатысушылар қандай уағдаластыққа қол жеткізеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін және ертең елордада Сирия дағдарысы бойынша келіссөздердің кезекті бесінші кезеңі өтеді. Осыған орай бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астана процесінің күн тәртібі жайындағы деректермен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Ең алдымен мамырдағы кездесу барысында кепілгер елдер (Ресей, Түркия және Иран) қол қойған 4 деэскалация аумағын құру туралы меморандумды қалай жүзеге асыру жайы сөз боллады. Бұл меморандумды жүзеге асыру жоспарында аталған аумақтардың шекараларын қалай анықтау, сонымен қатар деэскалация аумақтарына бақылауды анықтау және оны жасау сынды мәселелер маңызды мәнге ие екендігі сөзсіз. Естеріңізде болса, аталған меморандумда деэскалация аумағының шекара бойынша бақылау-өткізу пункттерін және байқау пункттерін орнату тиістігі айтылған еді», - деді министр.

Сонымен қатар оның сөзіне қарағанда, ЮНЕСКО-ның кепіліне алынған және аталған халықаралық ұйымның дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енген Сириядағы мәдени нысандарды минадан тазарту мәселесін де егжей-тегжейлі талқылау жоспарланып отыр.

Әбдірахманов Сирия аумағында тараптардың соғыс іс-қимылдарын тоқтату және татуласу режіміне бақылау жасау жөніндегі ресейлік орталық мәліметтеріне сүйене отырып, татуласу режіміне шамамен 65 қарулы оппозициялық топтың қосылғанын айтты.

«Келіссөздердің осынау маңызды кездесуіне қатысуы жоспарланған барлық делегация келді. Бұл жолы маған баян етілгендей елордамызға қазіргі уақытта сириялық қарулы оппозицияның 9 өкілі келді», - деді Әбдірахманов.

Соңғы жаңалықтар