Астана процесі Сириядағы соғысты тоқтатуды жақындата түседі

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүние дипломатиясынан дәрменсіздік танылып, тыныштықтың тығырыққа тірелген тұсы - бүгінгі Сирия. Әлемнің ғана емес, әр елдің ісіне белсене араласа кететін, жаһандық саясатты өз уысында сапыруға ұмтылатын алпауыттарды да, дүние күн тәртібін қалыптастыруға ықпал еткісі келетін тараптарды да осы Сирияға қатысты мәселеден табуға болатын.

Осыдан алты жылдай бұрын Сирияда тұтанған соғыс өрті әлі толастаған емес. Алдымен ресми билік пен оппозиция ұстасты. Олардың арасындағы текетірестің арқасында халықаралық террористер тұтастай территорияларды жаулап ала бастады. Тыныштық іздеген халық бас сауғалады, босты, Еуропа ауды. Миллиондағандардың тағдыры тәлкекке кетті, қыршыннан қиылған адам санының нақты статистикасы белгісіз, дөп басып айту да оңай емес.

Ақыры Сириядағы дағдарысқа әлемнің «мен деген мемлекетінің» бәрі араласа бастады. Бейбітшілік орнатуға көмектесеміз деген топтардың бір бөлігі Дамаскінің ресми билігін қолдаса (негізгі жақтастар Ресей, Иран және соңғы кездері Түркия), енді бір бөлігі Басадты тақтан тайдырмаққа бекінген оппозицияны қолдайды.

Алайда, осы тараптардың әрқайсысына да ең бірінші жау - ДАИШ аталатын террорлық топ.  Дегенмен, терроризммен күресті жандандыру ресми билік төңірегіндегі дау-жанжалдың түйінін тарқатпай тұрып еш мүмкін болмайтынын да танытып отыр.

Сүйтіп, дүниенің алпауыттары араласқан мәселе бойынша осы өңірдегі соғыстың тоқтауына барлық тарап та мүдделі секілді көрінеді. Әйтсе де, осы уақытқа дейін бейбітшілік қамы үшін бас қосып, келіссөздер жүргізіп, тайталасып жүрген әр тарапты бір «дастархан» басында біріктіре әңгіме-дүкен ашатындай жағдай тумаған. Әсіресе ресми Дамаск билігі мен оған қарсы оппозиция топтарын бір үстел басына отырғызу тұрмақ, келіссөздерге шақыру да мүмкін болмаған. Бұған бір жағынан Башар Асадтың өз ұстанымынан қайтпайтын бірбеткейлігі себеп болса, екінші жағынан оппозицияның тұтас емес, тарам-тарам бөлінуі де өз кесірін тигізіп келді. Оппозицияның шашыраңқы болуынан келіссөздер жүргізу де шынымен мүмкін емес еді. Сондықтан да, сырттағы мүдделі тарап оппозициялардың басын қосып, оларды бірнеше топтарға бөлді.

Қолына қару алған оппозиция өкілдерінен, сосын шетелде тұрып жатқан оппозиционерлерден үкіметпен сұхбаттасуға дайын болатын топтар қаралды. Нәтижесінде Сауд Арабиясымен ынтымақтастықта болған оппозиционерлер бірігіп «эр-риядтық» деп аталатын топ пайда болды. Дәл осындай топ Мысыр дипломаттары тарапынан жасақталып, «каирлық» топ та пайда болды. Бұдан бөлек,  «мәскеулік» оппозицонерлер тобы құрылды, Қазақстан да «өз алаңы» астында кездеуге дайын оппозицонерлерді жинап, «Астана» тобын құрған.

Осылайша, бейбітшілік жолындағы мүдделер мен миссиялар тоқталған емес. Соның бір көрінісі ретінде Астана процесін атауға болады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Тұрақты емес мүшелікті қабылдаған жылы Астанада Сирия жөніндегі келіссөздердің ұйымдастырылуы да еліміздің әлемдік іске бел шеше кіріскенін айғақтайтын тәрізді. Екі күн бойы әлемнің назары тағы да Еуразия кіндігіндегі Астанаға ауды. Сирия ахуалына қатысты ақпарат таратуға дүниенің  әр түкпірінен 320 журналист пен 120 отандық БАҚ өкілі атсалысты.

Астана Сирия келіссөзі үшін кездейсоқ таңдалған жер емес

Астанадағы «Rixos President Astana» қонақ үйінде Сириядағы шиеленісті реттеу бойынша халықаралық келіссөздер екі күн бойы жабық есік жағдайында өтті. Бұл шараға Сирия мәселесін тығырықтан шығаруға мүдделі 7 тараптың өкілі қатысты. Олар:

1) Сирия үкіметінің делегациясы, оны  БҰҰ жанындағы ресми Дамасктың тұрақты өкілі Басар әл-Джафари басқарды.

2) Сирия билігіне қарсы оппозициясының делегациясы, онда шамамен 15 топтың өкілі бар.

3) Ресей делегациясы, оны РФ президентінің Сирия ісі бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев басқарды.

4) Түркия делегациясы, басшысы  - Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал.

5) Иран делегациясы, басшысы Садек Хусейн Джабери Ансари.

6) Сириядағы дағдарысты реттеу процесі БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура.

7) АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Крол.

Халықаралық саясатта Астана процесі деген атауға ие болған алқалы жиынға Қазақстанның тікелей араласа алмайтыны түсінікті. Дегенмен, осы процестегі еліміздің ұстанымы айқын. Бұл ұстаным - алты жылға жуық қақтығыстан көз ашпаған, жүз мыңдаған адам құрбан болған қантөгісті тоқтатуға үлес қосу. Осылайша, бейбітшілікке үндейтін, бейтарап ұстанымға берік ел екенін тағы да аңғартқан Қазақстан тараптарға басқосу үшін алаң ұсынып, тұрақтылық келіссөзін жүргізуге барынша тиімді жағдай туғызып отыр.

Айта кетерлігі, осы арқылы Қазақстан әлемде мәмілегерлік миссиясымен де таныла түсуде. Шындығында, мәмілегерлік миссиясы Сирия мәселесінде де айқын көрінді.

Айталық, Сирия дағдарысы басталған сәттен бастап Қазақстан халықаралық қоғамдастықты қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырып, өзінің бейтарап ұстанымда екенін, мәселені шешуге мәмілегер болуға дайын екенін байқатып келген.

2015 жылы сәуірде Қазақстанда Сирия оппозициясы өкілдерінің қатысуымен келіссөздердің алғашқы раунды өтті. Былтырғы жылдың қазан айында келіссөздердің екінші раундын өткізуге мұрындық жасадық. Бұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та кездесуге қатысушыларға арналған үндеуінде білдірген болатын.

«Біздің еліміздің бүгінгі келіссөздерді өткізу орны ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. Өздеріңіз білетіндей, 2015 жылы Астанада бірқатар сириялық оппозиция топтары келіссөздерінің екі раунды өтті. Сирия халқына түскен ауыртпашылықты жеңілдету мақсатында сириялық босқындарға 700 мың доллардан астам көлемде қаражат бөлдік, жақында 500 тоннаға азық-түлік түрінде ізгілік көмек жолдадық. Осы басқосулардың арқасында бірқатар маңызды келісімдерге, атап айтқанда, гуманитарлық мәселелер бойынша - босқындардың қауіпсіз өтуіне дәліз қалыптастыру бойынша ортақ келісімге қол жеткізілді. Астана процесінен де осындай оң шешімдер күтіліп отыр», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Астананың ресми ұстанымын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев процеске қатысушыларға жолдаған өзінің үндеуінен де аңғартты.

«Сирияда орын алып отырған күрделі жағдай әлем жұртшылығының назарын өзіне аударуда. Алты жылға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан қанды қақтығыс түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ешнәрсе алып келмегенін мойындауға тура келеді. Қазақстан бейбітсүйгіш мемлекет және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнатылуына және нығаюына мүдделі. Бүгінгі басқосу халықаралық қоғамдастықтың Сириядағы жағдайды бейбіт түрде реттеуге бағытталған жігер-ынтасының айқын көрінісі болып табылады. Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеудің жалғыз дұрыс жолы - өзара сенім мен түсіністікке негізделген келіссөздер болуы қажет деп санайды» - делінген Елбасының сәлемінде.

Расында, Қазақстан билігі мен дипломатиясы осыған дейін тарихи мәнге ие көптеген халықаралық келісімдердің қабылдануына мұрындық болып келді. Ел аумағында аса ірі халықаралық талқылаулар жүйесін тауып, табысты жүргізілді.

Айта кетерлігі, Сирия мәселелерін реттеу бойынша кездесу Ресей мен Түркия президенттерінің бастамасымен, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл ұсынысты қуаттауымен өткен болатын. Бұл ретте Қазақстан келіссөздер жұмысына араласпайды, тек мүдделі тараптардың келіссөз жүргізуіне тиісті алаң ұсынумен шектеледі.

Жалпы, Астанадағы «жабық есік» жағдайында өтіп жатқан кездесуді халықаралық қоғамдастық оң қабылдап, Сирия жеріндегі дағдарысты еңсеруге игі ықпал етеді деген үлкен үмітпен қарап отыр. Қаңтар айының басында АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Астанадағы келіссөздерді қолдайтынын мәлімдеген еді. Ал елші Джон Крол сынды тәжірибелі дипломаттың қатысуы АҚШ-тың осы ұстанымын айғақтай түседі.

Астана процесі үміттерге жетелейді

Астана процесі - бұл Сирияның ресми үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдерінің алғаш рет бір-бірімен бетпе-бет келіссөз алаңында кездесуімен ерекшеленеді. Қарсы тарап бір үстел басында отырып қана қоймай, соғысты тоқтату режімін нығайту жолдарын тыңғылықты талқылауға дайын екендігін осы кездесуге қатысу арқылы қуаттады.

Осының өзі қай жағынан алғанда да Астана процесіне деген үміттің отын жағады. Сирия билігі мен оппозиция арасындағы барлық мәселелерді талқылау БҰҰ-ның арнаулы елшісін арағайындыққа жұмылдыру арқылы тікелей емес келіссөздер форматында өткен екен. Тұтастай алсақ, Сириядағы соғысты тоқтатуға қатысты алғашқы қадам Астанада жасалып отыр деуге келеді.

Айта кетерлігі, Сирияға байланысты негізгі келіссөздер Женева процесі аясында да алдағы ақпан айында жалғасады. Сондықтан да сарапшылар Астанадағы келіссөзді Женева кездесуінің табысты өтуіне оң ықпалын тигізіп, алғышарттар жасайтынына үмітті. Яғни, Астана процесі Женева келіссөздерін толықтыра түсетін маңызды бөлікке айналмақ. Бұл жайында  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі: «Астанадағы кездесу БҰҰ аясында Женевада өтетін келіссөздерді жаңғыртудағы маңызды қадам» деп мәлімдеген болатын.

Түйіндей айтсақ, елордадағы екі күндік келіссөз Сириядағы қақтығыстарды толықтай тоқтатып, жанжалды түгел жауып тастай алмайтыны түсінікті. Дегенмен, бұның өзі қақтығыстарды тоқтатуға соқтыратын себептерді, жолдарды іздеуге итермелейтін ізгі ниеттен туындаған бастама.

Яғни, Астана процесі - Сирия түйінін тарқатудың ең тиімді жолы. Сондықтан да, әлем жұртшылығын алаңдатқан мәселенің бітімгершілік жолмен шешілуіне сүбелі үлес қосу Қазақстанның халықаралық аренадағы абырой биігін одан әрі асқақтата түсері сөзсіз.

Сондықтан да, келіссөздің күрделілігіне қарамастан оның өтуінің өзін әлем сарапшылары оң нәтижеге балай бастады. Күрделі демекші бұндай келіссөздерден ең бірінші байқалатын мәселе - шашыраңқы болып жүрген Сирия билігіне қарсы оппозицияларды әлі де біріктіре түсу. Осы жолды реттемей басқаға кірісу күрделі бола түспек. Өйткені, бұған дейін де сол топтардың арасында бір-бірін немесе басқа тарапты ДАИШ-пен қатысы барлығына айыптау көрініс беріп келген болатын.

Астана процесі: Сарапшылар не дейді?

Иван Тимофеев,  Халықаралық істер бойынша ресейлік кеңестің бағдарламалық директоры:

Астана процесінің арқасында Қазақстан дипломатиялық бітістірушінің жаһандық рөлін өзіне бекіте алады. Расында Сирия мәселесі бойынша келіссөздерді жүргізудегі Қазақстанның рөлі бірінші кезекте тараптарды бітімге келтіруге негізделген деп ойлаймын. Осы ретте күштердің барлық орталықтарымен достық қатынастарды қолдай отырып, Қазақстан «адал брокер» ұстанымында бола алады. Қазақстан кезінде Финляндияға тиесілі болған дипломатиялық бітістірушінің жаһандық рөлін өзіне бекіте алады. Осында Мәскеу, Анкара және Тегеран жоспарларының үйлестіру проблемалары да бар. Сонымен қатар Сирияның ішіндегі келіспеушілік те кедергі. Бұдан бөлек, АҚШ рөлінің белгісіздігі байқалуда. Алайда, осындай келіссөздерді өткізу фактісінің өзі жаңа саяси шынайылық. Яғни, бір жыл бұрын бұндай келіссөздерді өткізуді елестетудің өзі қиынға түскен еді. Бұл сирек кездесетін жағдай, себебі осынша маңызды мәселелер тікелей батыс елдерінің қатысуынсыз шешілуде.

Николас де Педро, Барселонадағы Халықаралық процестерді зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:

Сирия жөніндегі келіссөздердің Астанада өтуі - Қазақстанның өте үлкен дипломатиялық жеңісі. Бұл келіссөздер Сириядағы соғысты тоқтатудың негізін қалай ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Ал, келіссөздердің Қазақстанда өтуі - сөзсіз, өте үлкен дипломатиялық жеңіс. Тіпті осы арқылы Астана өзінің сенімді делдал екенін көрсетіп отыр. Ресми Астана осындай қиын келіссөздерді қабылдай отырып, өзін өте құрметті және сенімді бітімгер. Ең маңыздысы дипломатиялық тығырықтан шығаратын дипломатиялық мүмкіндіктері бар тарап ретінде көрсетіп отыр.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі :

Сирия жөніндегі келіссөздер өткізу алаңы ретінде Астананың таңдап алынуының өз себебі бар. Сириялық дағдарысты реттеу басталған сәттен-ақ Қазақстан оның табысты болуына жәрдемдесуге ұмытылып келеді. Сирияаралық келіссөздерді бастауға алаң дайындау кезінде келіссөздерге Сирия үкіметімен қатар оппозицияның барлық секторын қамту үшін бұл процестің инклюзивті сипатын қамтамасыз ету міндеті тұрды. Былтыр басталып, кейін тұйыққа тірелген келіссөздерді жандандырудың орны да маңызды. Қарым-қатынасты қалпына келтіретін бұл процесті қайда жалғастыру қажет деген кезде бұл келіссөзге қатысушылардың барлығы да оңтайлы орын ретінде Қазақстан елордасы - Астананы еске алды. Астана мүмкіншілігі шектеулі емес, өзінің қызметін дұрыс ұсына алады деуге толық негіз бар.

Ерлан Қарин, Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

Кездесудің (Астана процесі) Астанада өтуі Қазақстанды әлемдегі саяси орталықтардың бірі ретінде бекіте түседі. Дипломатияда, сыртқы саясатта «саяси астаналар» деген түсінік бар. Мәселен, әлемде қанша ел мен олардың астаналары болғанымен, санаулысы ғана осындай халықаралық кездесулер өтетін орын ретінде танымал. Сондықтан бұл кездесудің Астанада өтуі Қазақстанның халықаралық саясаттағы өзіндік рөлін одан сайын айқындай түседі. Екінші жағынан бұл еліміздің саяси беделінің көрсеткіші. Сирия дағдарысына қатысты кездесудің (Астана процесі) өзге елде емес, Қазақстанда өтуінің тағы бір себебі - Ресей тарапынан да, Түркия мен Иран тарапынан да ресми Астанаға мұндай процесті қамтамасыз ете алатындығына деген сенім болып отыр. Сондықтан бұл, біз үшін, Қазақстан үшін өте жоғары маңызға ие оқиға. Неге? Себебі бұл біздің еліміздің халықаралық саясаттағы орнын одан ары айқындап, беделін арттыра түседі. Сириядағы дағдарыс - бұл мұсылман бауырларымыздың басындағы трагедияға ұласып жатқан жайт. Ал біз өз еліміздің астанасынан Сирия дағдарысын шешуге орын беру арқылы бір дінді ұстанатын, бүгінде соғыс зардабын бастан кешіріп отырған мұсылман бауырларымыздың жағдайын шешуге аз да болса өз үлесімізді қосамыз. Қазақы тілмен айтсақ - бұл сауапті іс.

Соңғы жаңалықтар