Астана процесі: Сирия президенті деэскалация аймақтарын құруды дұрыс деп санайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирия президенті Башар Асад ел аумағында деэскалация аймақтарының құрылуы содырларға қаруларын тастап, үкіметпен бітімге келуге мүмкіндік береді деп санайды. 

Бұл туралы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

«Бұл аймақтарды (деэскалация) құрудағы мақсат - азаматтық қоғамды қорғау және өзге провинциялардағы секілді содырларға үкіметпен бітім жасасуға мүмкіндік беру. Бұл - қаруланған адамға ақылға келіп, өзінің заңды дәрежесін анықтауға мүмкіндік. Басқаша айтқанда, қаруды тастағаннан кейін рақымшылық болады», - деді ол.

Сирия президенті деэскалация аймақтарын құру бастамасын дұрыс деп санайтынын атап өте келе, нақты нәтижелер болуы үшін уақыт керектігін мәлім етті. «Қандай да бір уақыт күтуге тура келеді. Қарулы топтар бұл мүмкіндікті пайдаланады ма, жоқ па - білмейміз», - деді Асад.

Айта кетейік, 4 мамыр күні Сирия мәселесін реттеу жөніндегі Астана процесі барысында кепілгер елдер Ресей, Иран және Түркия Сирия аумағында төрт деэскалация аймағын құру туралы уағдаласты . Нақтырақ айтқанда, Латакия провинциясының жекелеген аймақтарында, Алеппоның бірқатар өңірлерінде, Хама провинциясында, Хомс, Дамаск/Шығыс Гута провинцияларының жекелеген бөліктерінде және Дераа мен Кунейтраның бірқатар аумақтарын қамтитын өңірлерде қауіпсіздік аймағын қалыптастыру туралы меморандумға қол қойылды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш аталмыш уағдаластықты қолдайтындығын және оның ел тұрғындарының жағдайын жақсарту  үшін маңызды деп санайтындығын атап өтті.

Түркия Сыртқы істер министрлігі де Астана процесінің кезекті раунды бойынша мәлімдеме жасап , онда Түрік елі Сирия азаматтарын қорғау бағытындағы шараларды жалғастыра беретіндігін атап өтілді.

Ал Сирия аумағында деэскалация аймақтарын құру туралы Астанада қол қойылған меморандумды жүзеге асыру қағидалары мен негізгі ахуалына арналған брифингте РФ қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Александр Фомин меморандум оппозицияны ДАИШ және «Джабхат ан-Нуср» террористік тобынан бөлуге мүмкіндік беретін маңызды құжат болып табылатындығын айтты.

4 мамыр күні Ресей Федерациясы Астана процесі барысында қол жеткізілген аталмыш меморандумды қолдайтын қарар жобасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізді.

Соңғы жаңалықтар