Астана полициясы қызметкерлер қабылдап жатыр
2018 жылғы 2 тамыз 16:17

Астана полициясы қызметкерлер қабылдап жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Ішкі істер департаменті бос лауазымдар жәрмеңкесін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Астана қаласының Ішкі істер департаменті 3 тамыз сағат 10-00-де өтетін бос лауазымдар жәрмеңкесіне шақырады. Жәрмеңкеде тергеуші, аңықтаушы, жедел уәкіл, инспектор, полицей бос лауазымдары ұсынылады» делінген ведомствоның ресми ақпаратында.

Бос лауазымдарға орналастыру үшін конкурстық негізде іріктеу жарияланады. Олар: Жол-патрульдік полиция мамандандырылған батальонының қызмет аға инспекторы, Жол-патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы, полицей, полицей-жүргізуші, полицей-кавалерист, кіші инспектор-кинолог.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, конкурс қатысушыларына қойылатын талаптар мынадай:

- жасы 35-ке дейін, білімі орта, арнайы орта, жоғары заңгер, бойы 170 сантиметрден кем емес, денесі шыныққан, шұғыл әскери қызметтен өткен немесе запастағы офицер.

Конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын білу, жеке қасиеттерді бағалау бойынша тестілеуден өтеді. Сонымен қатар, әскери-дәрігерлік комиссиядан өтіп, дене даярлығы бойынша нормативтерді тапсырады.

Қызметкерлердің әлеуметтік қамтамасыз етілуі: тегін арнайы киім-кешек, ІІД емханасында тегін медициналық қызмет алу, ІІМ жоғары оқу орындарында тегін оқу, тұру үшін жатақхана беріледі.

«Қызметкерлерге сыныптық біліктілігіне қарай үстеме ақы, коммуналдық қызметтерді төлеу үшін өтемақы төленеді. Жыл сайынғы төленетін еңбек демалысы, еңбек сіңірген жылдарына байланысты қосымша төленетін еңбек демалысы бар. Бюджет қаражаты есебінен кепілдікті мемлекеттік зейнетақымен қамтамасыз етіледі, зейнеткерлікке шығу жасы - 48» делінген ресми ақпаратта.

Жәрмеңкенің өтетін орны - Астана қаласы Бейбітшілік көшесі, 25. Жұмыспен қамту орталығы

Jańalyqtar

MURAǴAT