+7 (701) 759 90 19
USD 411.54 EUR 458.13
RUB 5.84 CNY 57.64
Jańalyqtar

Астана Пирамидасы туралы 10 дерек

2018 жылғы 1 маусым 09:02
Бөлісіңіз:
Астана Пирамидасы туралы 10 дерек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел ішінде Пирамида аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы Астананың назар аударарлық орындарының біріне айналды. Көптеген шетелдік және отандық туристер оған баруға кеңес береді. ҚазАқпарат ерекше ғимарат туралы 10 деректі ұсынады.

№1 дерек: Бейбітшілік және келісім сарайын салуға екі мыңға жуық түрлі ұлт өкілдері атсалысқан. Оның ішінде британдық сәулетші Норман Фостер мен оның 100 адамнан құралған командасы бар. Сарай құрылысы 13 айға созылған. Ғимараттың төменгі қабатынан халықаралық конкурстың жеңімпазы атанған Норман Фостердің авторлық эскиздерін және құрылыс суреттерін көруге болады.

№2 дерек: Ғимараттың нөлден сегізінші қабатқа дейінгі биіктігі - 75 метр. Ал жалпы аумағы - 28 мың шаршы метр.

№3 дерек: 60 градус бұрышта қиғаш қозғалатын лифттер де сарайдың бірегейлігі болып саналады. Мұндай лифтті Париждегі Эйфел мұнарасынан және Лас-Вегастағы «Луксор» қонақ үйінен кезіктіре аласыз. Ғимаратта тіке көтерілетін жалғыз лифт бар, ол сегізінші қабатта орналасқан шағын мәжіліс залына алып келеді, зал терезесінен Астананың панорамалық көрінісін тамашалауға болады. Лифт Қазақстан Республикасының Президентіне, оның қонақтарына және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған.

№4 дерек: 62х62 метр болатын Пирамиданың негізі құрыштан жасалған. Металл конструкцияларының жалпы салмағы 5 мың 100 тоннаны құрайды. Норман Фостер қаланың күрт континенталды климат жағдайын ескеріп, Пирамида негізін өзгермелі тіректерден құрастырған. Сондықтан да, Астананың ауа температурасы -40 градусқа жеткенде, конструкция 6 сантиметрге қысылып, ғимарат пішінінің бұзылуына жол бермейді.

№5 дерек: Сегізінші қабаттағы шағын мәжіліс залы «Бесік» деп аталады. Себебі, дөңгелек залды тіреп тұрған колонналар бесікті ұстап тұрған қолды бейнелейді. Мұнда түрлі саяси шаралар, конгресстер мен съездер ұйымдастырылады. Залда 100 адамға орын әзірленген, оның ішінде 40 орын - шеңбер айналасында.

№6 дерек: Үшінші қабаттан сегізінші қабатқа дейінгі әйнекте көгершіндер бейнеленген. Оларды танымал витражды әйнек дизайнері Брайан Кларк салған. Көгершіндердің жалпы саны - 130, бұл Қазақстанда бейбітшілік пен келісімде тұрып жатқан 130 ұлтты білдіреді.

№7 дерек: Атриум деп аталатын ең үлкен мәжіліс залында тілеген тілек орындалады деген наным бар. Оның орталық бөлігі тұтас Пирамиданың ортасы болып саналғандықтан, барлық оң энергия осында жиналады. Атриумның жалпы аумағы - 2 мың 185 шаршы метр. Әр үш жыл сайын мұнда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Сондай-ақ, зал түрлі шараларға, неке қию рәсіміне де пайдаланылады.

№8 дерек: Пирамиданың ұшар басына апаратын баспалдақтар бір бірімен қиылыспайды. Олар шынайы және жасанды өсімдіктермен көмкерілген. Дәлірек айтқанда, өсімдіктердің 70% - Голландиядан жеткізілген тірі өсімдіктер болса, 30% - жасанды.

№9 дерек: Тұтас Пирамида қараңғы және жарық бөліктерге бөлінген. Оның үшінші қабаттан төмен бөлігі жерасты әлемін бейнелейді, сондықтан барлығы күңгірт реңкте жобаланған. Үшінші қабаттан бастап, жер деңгейі басталады және сәйкесінше мұнда жарық көп.

№10 дерек: Ең астыңғы қабатта 21 ұлттық костюм қойылған: қырғыз, қазақ, қарақалпақ, өзбек, грузин, әзербайжан, армян, дүнген, балқар, неміс, татар, болгар, түрік, румын, иордан, орыс, иврит, вайнах, украин, поляк және корей костюмдері. Мұның барлығын этномәдени орталықтар мен елшіліктер сыйлаған. Көрме Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының 15 жылдығына орай ашылған және үнемі толықтырылып отырады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT