Астана перзентханасында тағы бір әйел көз жұмды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың №2 перинаталды орталығында босанған келіншек көз жұмды. Дәрігерлер шақалақты аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Басқарманың баспасөз қызметінен хабарлағандай, жас ананың өлімі 16 шілде күні таңғы 9:25-те тіркелген. Әйелді құтқаруға Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Ұлттық кардиохирургиялық орталық дәрігерлері және «Астана» медициналық университетінің профессорлары атсалысқан.

«Жасалған барлық жансақтау шараларына қарамастан, дәрігерлер жас ананың өмірін сақтап қала алмады», - делінген хабарламада.

Дәрігерлердің айтуынша, дүниеге келген қыз баланың жағдайы қанағаттанарлық.

«Аталған оқиға бойынша сараптамалық комиссия құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша өлім себебі анықталады», - деп мәлім етті Денсаулық сақтау басқармасынан.

Айта кетейік, маусым-шілде айларында елордадағы №1 перинаталдық орталықта үш әйел көз жұмған еді. Осыған байланысты аурухана жүкті әйелдерді қабылдауды уақытша тоқтатқан болатын. Кейін орталық штаттық режімде жұмысын қайта бастады.

 

Соңғы жаңалықтар