Астана-Париж: Францияның Орталық Азияда стратегиялық серіктесі бар

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат –Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары соңғы екі күндегі басты оқиға болды. Мемлекет басшысы Парижде Франция президенті Эмманюэль Макронмен сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы стратегиялық әріптестік мәселелерін талқылады.

Сонымен қоса Президент Францияның ірі компанияларының басшыларымен де кездесулер өткізді. Екі ел президенттері қандай мәселелерді талқылады? Қазақстан үшін Франциямен қарым-қатынасты дамыту неліктен маңызды? Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Сауда айналымының оң динамикасы

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 12% - ға өсті. Елдер арасындағы екіжақты сауда айналымы 2,5 млрд долларға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2,3 млрд доллар болған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3 млрд доллардан асуы мүмкін.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналым 3 миллиард долларды, ал 2020 жылы 2,8 миллиард долларды құрады. Бұл екі ел арасындағы сауда қатынастарының дамуындағы тұрақты оң үрдісті көрсетеді.

Францияның Орталық Азия мемлекеттерімен саудасының 90%-ы Қазақстанның үлесіне тиеді.

Франциядан Қазақстанға вакциналар, әртүрлі қозғалтқыштар, дәрі-дәрмектер, көміртекті электродтар, радиолокациялық және радионавигациялық жабдықтар, электр трансформаторлары, хош иісті заттардың қоспалары, гербицидтер импортталады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Франциядан Қазақстанға импорт 512,6 млн долларды құрады (өсім 8,1%).

Қазақстан Францияға сутекті, инертті газдарды және басқа да бейметалдарды, қозғалтқыштар мен электр генераторларын, титан мен титаннан жасалған бұйымдарды, шикі мұнайды, уран мен күкіртті жеткізеді. Бұл ретте Қазақстан Францияға шикі мұнайды жеткізушілердің бестігіне кірсе, уранды жеткізу бойынша бірінші орында тұр. 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстаннан Францияға экспорт та 5%-ға өсіп, 1,9 миллиард долларды құрады. Яғни екі жақтан да бір-бірінің нарығына, тауарына қызығушылық бар.

Франция Қазақстанның ең ірі-5 инвестор елі қатарына кіреді

2005 жылдан бастап Франция Қазақстан экономикасына $17 млрд инвестиция салды. Қазақстанда 170-тен астам француз компаниясы мен бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді. Олардың ішінде қазақстандық экономиканың жетекші инвесторлары Total Energy, Air Liquide, Airbus, Alstom, Areva және Danone сияқты компаниялар бар.

Серіктес елдер энергетика, тау-кен және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында тиімді жобаларды бірлесіп іске асырады. Өткен жылы Қазақстан мен Франция сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына 2030 жылға дейін қол қойды.

Президенттер Парижде не туралы айтты?

Эмманюэль Макрон мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіссөздерінің алдында Елисей сарайында ресми кездесу рәсімі өтті. Кездесу барысында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға Францияға шақырғаны үшін алғысын білдірді.

Фото:akoda.kz

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық жаңғырту туралы айтып берді. Өз кезегінде президент Эммануэль Макрон Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын жеткізді.

Фото:akoda.kz

Сонымен қоса ол елдер арасында сауда-экономикалық белсенді дамып, энергетика саласында бірлескен жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті. Ал Еуропалық Одақ түрлі қазақстандық жобаларға белсенді инвестиция салып отырғанын айтты.

Фото:akoda.kz

Тараптар екі елдің білім және мәдениет саласындағы байланыстарын нығайту жөнінде жан-жақты пікір алмасты, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен Орталық Азиядағы ахуалды талқылады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронды Қазақстанға келуге шақырды.

Фото:akoda.kz

Франция Республикасы Сенатының төрағасымен кездесу

Францияға ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасының Сенатына барып, оның төрағасы Жерар Ларшемен кездесу өткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Парижге ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтар елдер арасындағы жан-жақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Фото:akoda.kz

Соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, энергетика және көлік-логистика салаларына инвестициялар тартуға ерекше назар аударылды. Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты ол Сенат төрағасын Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Жерар Ларше Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Ол Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін белсенді өзара іс-қимылға дайын екенін жеткізді. Кездесу соңында Қазақстан Президенті Франция Сенатының құрметті қонақтарының кітабына естелік жазба қалдырды.

Фото:akoda.kz

Сапар аясында Мемлекет басшысы Франция халықаралық қатынастар институтының (IFRI) негізін қалаушы және президенті Тьерри де Монбриалмен де кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тьерри Монбриалды беделді саясаттанушы, ғалым ретінде жақсы білетінін, сондай-ақ Францияның Халықаралық қатынастар институты - Еуропаның ең ықпалды талдау орталықтарының бірі ретінде жоғары беделге ие екенін атап өтті.

Фото:akoda.kz

Әңгімелесу барысында өзекті геосаяси мәселелер және әлемдегі ахуалды дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасу өрбіді.

Болашақтағы серіктестік: елдер ынтымақтастықты қандай жаңа салаларда дамыта алады

Іскерлік кездесулер барысында Қазақстан Президенті Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесті. Кездесу барысында атом энергетикасына озық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық мамандар атом энергетикасы саласындағы әлемнің жетекші компанияларының озық технологияларын зерттеп жатқанын атап өтті.

Фото:akoda.kz

Олар жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын қарастырды. Айта кетейік, Франция ядролық технологиялары дамыған ел.

Фото:akoda.kz

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) аға ғылыми қызметкері Әлия Мұсабекова Қазақстан мен Францияның атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастығын дамыту екі тарап үшін де өзекті және тиімді деп есептейді. Оның пікірінше, ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – көлік және логистика саласы.

«Қазақстандық компаниялар Alstom және Airbus сияқты француз концерндерімен ынтымақтастық орнатқан. Француз тарапы Қазақстанға титан жеткізу мәселесі бойынша қызығушылық танытып отыр. Еуропа нарығында титанға сұраныс өте жоғары, әсіресе ұшақ өндірісінде. Ал Қазақстан - титанды негізгі жеткізушілердің бірі», - деді сарапшы.

Сапар барысында Мемлекет басшысы сондай-ақ Orano S.А. директорлар кеңесінің төрағасы Клод Имовинмен де кездесті. Кездесу барысында атом саласын дамытуға қатысты мәселелер талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Қазақстандағы жұмыс нәтижелерімен және алдағы жоспарларымен танысты.

Фото:akoda.kz

Клод Имовин өз сөзінде «КАТСО» бірлескен кәсіпорны Қазақстанда жылдық уран өндірудің 15%-ын және дүниежүзілік өндірістің 7%-ын өндіретінін хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронмен келіссөздерде Қазақстан мен Франция арасындағы уран саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын айтты.

Еске салайық, Қазақстан уранның табиғи қоры бойынша әлемде екінші орында. Дүниежүзілік қорлардың шамамен 14%-ы Қазақстан Республикасының жер қойнауында шоғырланған. Мамандардың бағалауынша, еліміздегі уранның жалпы барланған қоры 700 мың тоннадан асады.

2009 жылы Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орынға шықты және әлемдік нарықта өзінің жетекші позициясын сақтап келеді. Дүниежүзіндегі уран өндірісінің 40%-ға жуығы Қазақстанға тиесілі. 2021 жылы еліміздегі уран өндірісі 21,8 мың тоннаны құрады.

Францияның ірі бизнес өкілдерімен кездесулер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Air Liquide компаниясының президенті Франсуа Яковты қабылдады.Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Қазақстандағы жобаларының іске асырылу барысы және оның алдағы жоспарлары туралы хабарланған болатын.

Фото:akoda.kz

Техникалық газ өндірісіне маманданған Air Liquide компаниясы бұған дейін Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 120 миллион еуроны құрайтын бірнеше жобаны жүзеге асырған.

Фото:akoda.kz

Атап айтқанда, «Air Liquid Munai Tech Gases» бірлескен кәсіпорны Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттары базасында өнеркәсіптік газ өндіруді жолға қойған. Ал Атырауоблысындағы полипропилен өндіретін KPI.Inc газ-химия кешені үшін сығымдалған ауа мен азот өндіретін қондырғы салған.

Қазақстандағы Францияның инвестициялары

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция астанасында Alstom компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Анри Пупар-Лафаржды қабылдады.

Фото:akoda.kz

Осы кездесу барысында Мемлекет басшысына компанияның инвестициялық жобалары туралы ақпарат ұсынылды. «Alstom» компаниясы жақын арада жылжымалы құрам мен теміржол инфрақұрылымына арналған электровоздар мен жабдықтар шығару, сервистік қызмет көрсету жобаларын іске асыруға 50 миллион еуро инвестиция салуға ниетті. Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарында сервистік орталықтар ашу жоспарланып отыр.

Фото:akoda.kz

Анри Пупар-Лафарж компания осы жобаларды жүзеге асыру барысында мыңнан аса жергілікті маманды даярлайтынын жеткізді.

ҚР Үкіметі мен Alstom компаниясы арасындағы теміржол көлігінің жылжымалы құрамы мен инфрақұрылымына арналған электровоздар мен жабдықтар шығару және оларға сервистік қызмет көрсету жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелері туралы келісімге қол қойылды.

Фото:akoda.kz

Қазақстандағы Total-дың қызметі

Мемлекет басшысы «Total Energies» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Патрик Пуяннені қабылдады. Total компаниясы - Қазақстанда ұсынылған ең ірі француз корпорацияларының бірі.

Фото:akoda.kz

Патрик Пуянне «Total Energies» компаниясы біздің елімізге 12 млрд доллар инвестиция салғанын айтып, алдағы уақытта да ең ірі инвесторлардың бірі болатынына сенім білдірді.

Фото:akoda.kz

Олар сондай-ақ Қазақстанның энергетика секторындағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылады. Компания қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуға ниетті. Нысан 2026-2027 жылдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында пайдалануға беріледі. Жобаның болжамды құны – 1,9 миллиард доллар.

Қазақстанда Францияның Сауда өкілдігін құру перспективалары

Сапар соңында Мемлекет басшысы француз бизнес жетекшілерімен кездесу өткізді.

Іс-шараға Total Energies, Orano, Saint Gobain, Boehringer Ingelheim France, Soufflet Group, BPI France, Vicat, Syctom, Pellenc, FICT мал шаруашылығы қауымдастығы, Total Eren, PCM, Safran, Thales, Groupe EDF, Assystem, Alstom, Evolution International, MHB SAS, Exa International, Airbus, Rungis – Semmaris, MBDA, SOPREMA, Луи Викат және басқа да ірі компаниялардың басшылары қатысты.

Фото:akoda.kz

Мемлекет басшысы өз сөзінде халықаралық қоғамдастық бүгінде күрделі геосаяси және экономикалық мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа сын-қатерлер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қиын-қыстау кезең – байланыс орнатып, серіктестікті дамыту үшін қолайлы уақыт.

«Біз ортақ экономикалық және саяси мүдделерімізді одан әрі ілгерілету үшін Франциямен және жалпы Еуропамен арадағы қарым-қатынасты жолға қойғымыз келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан еркін және бәсекеге қабілетті нарықтық экономиканы нығайтуды көздеп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ монополиядан арылу Қазақстанды қуатты, бәсекеге қабілетті және инвесторларға тартымды етеді деп санайды. Ол бизнес ахуалды жақсарту үшін заңнамаға одан әрі тиісті өзгертулерді енгізуге дайын екенін жеткізді.

Фото:akoda.kz

«Бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері макроэкономикалық деректерден көрініп отыр. Биылғы 10 айда ЖІӨ өсімі 2,5 пайызды құрады. Бұл болжанған нәтижеден жоғары. Қолданыстағы тасымал тізбегінің үзілуіне қарамастан біздің экспортымыз 50 пайызға (63,8 млрд доллар) жуық өсті. 2022 жылдың алғашқы алты айында шетелдік серіктестеріміз біздің экономикамызға шамамен 15 миллиард доллар инвестиция құйды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Алдағы 7 жылда біз 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан инвестиция салу жөнінен Орталық Азиядағы ең тартымды ел болуы үшін инвестициялық саясатымызды үнемі жетілдіріп отырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті.

Фото:akoda.kz

«Биылғы тоғыз айда Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 12%-ға өсті. Бүгінде 170-тен астам француз компаниясы, соның ішінде Total Energies, Orano, Airbus, Vicat, Air Liquide, Alstom, Saint-Gobain және басқалары Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Францияның Қазақстандағы Сауда өкілдігін құру ынтымақтастығымызды нығайтуға өз септігін тигізер еді деп санаймын. Біз оның тезірек құрылғанын құптаймыз. Сондай-ақ француз компанияларын еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін қарастыруға шақырамын. Жиынға қатысушылардың бәріне Қазақстан қауіпсіз және тұрақты инвестициялық орта қалыптастыруға кепілдік беретінін нық сеніммен айта аламын», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы энергетика, көлік және логистика, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына тоқталды. Ел президенті Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық әріптестік барлық секторларда әртараптандырылып, кеңейе беретініне сенім білдірді.

«Бүгінгі конструктивті диалог бизнесті өркендетуге және ортақ дамуға ниетті екенімізді тағы да нақтылауға мүмкіндік береді. Менің әкімшілігім француз компанияларына өңірдегі экономикасы ең қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірінде бизнес жүргізуі үшін барлық қажетті қолдау көрсетуге дайын», – деді Мемлекет басшысы.

Фото:akoda.kz

Қазақстан мен Франция 1992 жылы 25 қаңтарда дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. 2008 жылы елдер 2010 жылы күшіне енген стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. 2009 жылдан бастап президенттердің алты екіжақты сапары, сондай-ақ министрліктер мен парламенттер деңгейіндегі бірқатар байланыстар өтті. Екі ел арасындағы саяси диалог тұрақты сипатқа ие, оған екіжақты сапарлардың көптігі оң ықпал етіп отыр. 2021 жылы Сыртқы істер министрліктері арасында жыл сайынғы консультациялар ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Франция Қазақстан үшін Еуроодақтағы сенімді және перспективалы әріптес. Тек инвестицияларды ғана емес, сонымен қатар біздің елімізге технологияларды экспорттайды. Француз компаниялары үшін біздің еліміз Орталық Азия өңірінде ұзақ мерзімге орнығу үшін және ірі жобаларды іске асыру үшін жақсы алаңға айналып отыр.

Фото:akoda.kz


Басты фото:tripmydream.com


Соңғы жаңалықтар