«Астана» өз алаңында «Славиямен» тең түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропа лигасы топтық кезеңінің 2-турында «Астана» футбол клубы өз алаңында Чеxияның «Славия» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытайлық демеушілер келіп байыған прагалықтар да, өткен ойында Испанияға барып «Вильяр реалдан» ұтылған «Астана» да тек жеңіс үшін алаңға шықты.

Алғашқы таймда командалар алма-кезек шабуылдап, тең ойынның куәсі болдық. Есеп те соған лайықты болды: 1-1.

18-минутта қонақтар есеп ашып алға шықты, айып добынан кейін Нгадеу-Нгаджуидің баспен соққан добын Ерич қайтара алмады. Алғашында ойыны жүрмей, кейіннен ес жиған елордалық ұжымның шабуылдарына тайм соңына қарай мазмұн кірді. Ұйымдасқан шабуылдардың бірінде 42-минутта Джуниор Кабананганың алыстан шірене тепкен күшті соққысы қақпадан қайтқанда Марин Томасов допқа бірінші жетіп, есепті теңестірді.

Екінші таймда аса тартысты болмады о баста. Бірақ «Астана» ақырындап ойындағы бастаманы өз иелігіне ала бастады. Қазақстандықтарға ойын тізгінін беріп қоюдың соңы немен аяқталатынын «Легия» және «Селтиктен» көрген еуропалықтар да бірінші нөмірмен ойнауға барынша тырысып бақты.

«Астанаға» қарсы ауыр ойында қонақтарды тең есеп те қанағаттандыратын еді, өйткені алғашқы турда «Маккабиден» үш ұпайды тартып алған чеxтар уақытша болса да топ бастайтын еді. Ал елордалық ұжым мыңдаған жанкүйерлердің көз алдында үш ұпай еншілеу үшін барынша шабуылдай берді. Алайда кейде асығыстан, кейде қысымнан бір-бірін түсінбей жатты.

Ойын осылайша 1:1 есебімен аяқталып, командалар ұпай бөлісті.

Соңғы жаңалықтар