«Астана Операда» махаббат сезіміне арналған туындылар ойналады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 қараша күні «Астана Опера» театрының Камералық залы сахнасында «Bel Canto музыкалық салоны» топтамасынан «Махаббат жолы» концерті қойылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Концертке опера труппасының керемет солистері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Маргарита Дворецкая, халықаралық байқаулардың лауреаттары Болат Есімханов, Гүлжанат Сапақова, Малика Минизини, Елена Ганжа, Рамзат Балакишиев, Батыржан Смақов қатысады. Олармен бірге дарынды аспапшылар - халықаралық байқаулардың лауреаттары Аида Әбдіқадырова (флейта), Дана Әбдіқадырова, Раушан Бескемпірова (фортепиано) өз өнерлерін ортаға салмақ.

Астаналық театр солистері сан алуан вокалдық бояулары, әдемі қанық үні мен мінсіз техникасы сынды тамаша дауыс игеру қабілетін, сондай-ақ бейнені әртістік тұрғыдан жеткізу шеберлігін паш етпек. «Махаббат жолы» концерттік бағдарламасында әлемдік музыкалық классиканың үздік үлгілері ұсынылады. Көрнекті батыс еуропалық композиторлардың танымал опералары, құлаққа сіңген әндері мен романстарынан ариялар және дуэттер шырқалады.

«Концерттің «Махаббат жолы» атауы әр адамның өмірлік жолында махаббат тәрізді асқақ сезім серік болады деген ойға жетелейді. Бесікте тербелген сәби кішкентайынан ана махаббатын сезініп, кейін ол сезім - Отанына, өмірге деген сүйіспеншілікке, романтикалық махаббатқа айналады. Махаббат лирикасы көптеген ұлы ақындар, суретшілер мен композиторлар шығармашылығының басты тақырыбына айналды. Осы концертте В.Беллини, Г.Доницетти, Р.Шуман, Ф.Легар және де басқа авторлардың туындыларын орындаймын», - деді танымал сопрано әнші, театрдың жетекші солисі Айгүл Ниязова.

Соңғы жаңалықтар