«Астана Операда» итальяндық композитордың атақты туындысының премьерасы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2-3 қазан күндері «Астана Операда» итальяндық композитордың атақты туындысының премьерасы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әртістер ән салуда, костюмерлер мен грим жасаушылар соңғы әзірліктерін аяқтауда, ал режиссер финалдағы көріністерді тексеріп, түзетуде. Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсының премьерасы осы жылдың сәуір айынан бастап жұлдызды сәтін күтуде.


Сөзсіз, Г.Доницеттидің шығармаларын таңдау – әрдайым үздік сапа кепілі. Үйлену, ажырасу және қуанышпен аяқталатын қайта үйленуден тұратын қарапайым сюжетіне қарамастан, көрерменге ой тастайтын дүниелер жетерлік. Басты дайындықтың басталуына дейін қатысушылар қойылымның егжей-тегжейі туралы баяндап берді.

Қойылымға танымал опера әншілерінің екі құрамы қатысады: Жаннат Бақтай мен Салтанат Ахметова Норинаның партиясын әзірлеуде. Эрнесто – Жан Тапин, Нарұл Тойкенов, Рамзат Балакишиев. Дәрігер Малатеста бейнесін Ержан Саипов пен Азамат Жылтыркөзов сомдайды. Ал Дон Паскуале партиясын Евгений Чайников пен Шыңғыс Расылхан орындайды. Карлито рөлінде Руслан Совет пен Ерұлан Кәмел өнер көрсетеді.

Қойылым тобы айтулы есімдермен ұсынылған: қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, қойылымның көркемдік жетекшісі – Алла Симонишвили, сценограф әрі костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа, режиссер – Наталья Кагадий. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, жарық бойынша суретші – Сергей Кулак. Жоба үйлестірушісі – Маржан Жәкенова.


«Дон Паскуале» операсының премьерасы 1843 жылы Париждегі Итальяндық опера театрында орын алды. Бүгінде осынау жауһар туынды ең әйгілі жиырма итальяндық операның қатарына енеді әрі әлемнің жүздеген опера және концерт сахналарында жыл сайын орындалады.

«Дон Паскуале» композитордың «Лючия ди Ламмермур» және «Махаббат сусыны» (айтпақшы, аталмыш опера да «Астана Операның» сегізінші маусымында ұсынылмақ) операларынан кейінгі танымалдылығы бойынша үшінші опера болып табылатындығынан бөлек, мінсіз опера-буффаның жарқын үлгісі. Мұнда осы жанрға тиесілінің бәрі де жинақталған: қызықты сюжет, сапалы әзіл, киім ауыстырулармен байланысты күлдіргі жайттар және комедия дель арте түріндегі кейіпкерлер бар.


Бірақ, қоюшы дирижер Абзал Мұхитдиннің есептеуінше, осынау спектакльдегі ең бастысы – музыка. – Бұл барлық іс-әрекеттің дыбыстық негізі (қаңқа), драматургияның сапалы драйвері (дене) және ішкі сұлулық пен шабыт (жан). Осы «үш алып» кез келген тірі ағзаны сипаттай алады. Сондықтан операның музыкасы кем дегенде концерттік орындалу үшін толыққанды пайдаланыла алады. Ал егер костюмдермен, декорациялармен операны толықтай ұсыну туралы сөз болса, біз сән-салтанатты киім киіп, тамаша би билеген әсем тұлғаға қарап тамсанғандай болар едік, - деп атап өтті маэстро.

Бұл Доницеттидің 64-ші операсы екендігіне қарамастан, мұнда шабыттың албырттығы сезіледі. Абзал Мұхитдиннің есептеуінше, бұл операны жеңіл қабылдау сезімі ерекше музыкалық тәсілдердің арқасында туындайды.

«Шабыт» деген сөздің өзінде балауса, балғындық сезімі бар екеніне келісетін шығарсыз! Себебі опустың реттік нөмірі мен шебердің жасына қарамастан, бұл операның музыкасы жалын атып, албырттық лебі ескен жастық шаққа тиесілі әуендермен, ырғақтармен толтырылған! Ұлы Доницетти өзіне дейінгілердің және замандастарының, әсіресе, Россинидің композиторлық хатының барлық үздік жетістіктерін жинақтаған. Бұл оның опера жанрында ғаламат нәтиже беруіне негіз болды.

Туындының музыкалық арқауына би ырғақтары – мазурка, галоп, вальс енгізілгенін атап өткен жөн.

«Батыс еуропалық мәдениетте музыка әуел баста дінге қызмет көрсететін қосалқы функция атқарған. Бұл оның дамуына нағыз құнарлы топырақ болғаны сөзсіз, дегенмен, «канондық жүгенде» ұстап тұрды. Уақыт өте келе діннің адам өміріне әсері әлсірей бастайды, сол сәтте «ресми» музыкаға би сияқты тұрмыстық музыкалық жанрлар ене бастайды. Бұл, өз кезегінде, өмірді барлық бояуларымен толыққанды көрсету мүмкіндігін іздестірген сол замандағы жасампаздар үшін орасан зор шығармашылық болашаққа жол ашады. Нәтижесінде, осынау сан алуандықты сол уақыттағы операдан аламыз», - деп түсіндірді маэстро.

Арт-нуво стилінде

Сценография мен костюмдерді танымал итальяндық суретші-сценограф Манана Гуниа жасады. Ол спектакльдің барлық безендірілуін арт-нуво стилінде, басқаша айтқанда, модерн үлгісінде жүзеге асырған. Бұл спектакльдегі айрықша дүниелердің бірі – тұтас қабырғаны алатын үлкен терезелер сахнада өз бетінше бір әлем және табиғи жаратылыс сияқты түстері мен жарығын құбылта отырып, оқиғаға әрекет етуде, ал соңғы көріністе көктемгі баққа айналады.


Басты кейіпкер Дон Паскуаленің костюмдеріне келетін болсақ, суретші оларды қатаң эдвардиан стилінде жасаған, осылайша кейіпкердің сырбаз да сымбаттылығы ашыла түседі.


Қойылымның көркемдік жетекшісі Алла Симонишвилидің пікірінше, спектакль, оның ішінде күлдіргі спектакль әртістер үшін де, көрермендер үшін де «өзінің жан дүниесіне үңілуге» және көп нәрсені қайта бағамдауға деген мүмкіндік – міне, дәл осы асқақ өнердің мақсаты болып табылады.


Сахнаға шығар алдындағы сәт

Әртістер қобалжуда, себебі бұл премьераны жарты жылдай уақыт күтті.

Евгений Чайников пен Шыңғыс Расылхан басты Дон Паскуале партиясына дайындалуда. Дайындық арасындағы үзілістерде Евгений алдағы премьераға қатысты өз әсерімен бөлісті.


Бұл – «Астана Операның» Камералық залында жүзеге асырылған «Piccolo театры» немесе «Шағын театр» жобамыздың жалғасы. Шағын опера спектакльдеріне басымдық беретін адамдар үшін таңдау бар екендігі қуантады. Опера әлемімен жаңадан танысып келе жатқан жандар үшін дәл осындай спектакльдерге келіп, тамашалауға кеңес берер едім.

Сонымен қатар Евгений Чайниковтың айтуынша, бұл оның алғашқы басты рөлі, демек оның орындауындағы партия опера атауына негіз болған.

- Бір жағынан – жауапкершілік, екінші жағынан – осындай рөлді сомдап, өз репертуарымды толықтырамын деген қуаныш. Қойылым тобының тұжырымдамасы өте қызықты болды, бұл өзге сахналардан көріп үйренген операның классикалық нұсқасы емес. Аласа бойы, беймаза шалдың бейнесі бәрінің есінде сақталып қалған. Біздің нұсқа өзгеше болады: менің кейіпкерім – қомақты қаражаты бар, сырт келбеті келіскен байсалды ер адам, ел ағасы болған шағында үйленуге бел буады. Мұндай сюжетпен ешкімді таңғалдыра алмайсың, бұл – өмірде жиі кездесетін қарапайым оқиға деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл басты кейіпкерлердің айналасындағы шытырман оқиғаларға да қатысты, бірақ дегенмен бәрі – костюмдер де, декорациялар да, тіпті атмосфераның өзі де сондай тамаша.

Бұл маусымда біз жаңа форматта өнер көрсетеміз, яғни премьералық спектакльдер тікелей эфирде өтетін болады, бұл дегеніміз, экранның ар жағындағы көрермен бізді естіп, кейіпкерлермен бірге уайымдап, бірге күліп отырады, біз олар үшін бәрін жасауға тырысамыз.

Труппа көп дайындалды, тіпті карантин кезінде де онлайн жұмыс жасады. Жемісті еңбегіміз үшін барша қойылым тобына алғыс білдіргім келеді. Болашақта осынау спектакльмен барша Қазақстанды аралап, гастрольдік сапарға шыға аламыз деп үміттенемін, себебі опера өте жинақы, көңілді әрі қабылдауға жеңіл.

Евгений Чайниковпен оның әрістестері, Эрнесто партиясын орындаушылар Жан Тапин мен Рамзат Балакишиев те бір пікірде.

Жан Тапиннің айтуынша, ұлы композитор Г.Доницеттидің романтикалық итальяндық опера жауһарын іске асыру – ол үшін бір ғанибет.


«Мен партияны 2010 жылы Италияда тағылымдамада жүрген кезімде жаттап алсам да, оны алғаш рет орындағалы тұрмын. Ол кезде біз аталған қойылымның көркемдік жетекшісі болған маэстро Алла Симонишвилимен жұмыс жасадық. Сонда мен әлемдік опера классикасы қазынасының осынау мұрасымен таныстым. Қазір мен үшін осы бейнені «Астана Опера» сахнасында елордалық тыңдармандар алдында дұрыс сомдап шығу аса маңызды. Өз басым қимылға жеңіл адаммын, әрқашан позитивті болуға тырысамын, сондықтан опера-буффа маған өте ұнайды. Күннің нұрын, ашық реңктерді жақсы көремін, ал менің партиям да осындай – жалын атқан музыка, қанық оркестрлік әрі вокалдық бояулар, бір сөзбен айтқанда, өте қызықты рөл. Менің кейіпкерім, Эрнесто, лирикалық, ғашық болғыш жас жігіт, Дон Паскуаленің жиені, нағашысының қамқорлығында, айтарлықтай жас және ешқашан үйленбеген. Уайым-қайғысыз бейқам өмір сүріп жүрген одан Дон Паскуале тез арада құтылғысы келеді. Аталмыш операда өзіндік өнеге көрініс тапқан, сол кездегі итальяндық тұрмыс-тіршілікке зер салу мен үшін өте қызықты. Опера ХІХ ғасырдың басында жазылған, ол Доницеттидің ұлы шығармаларының бірі болып табылады, онда көптеген күлкілі жайттар орын алады. Маған біздің қойылымдық топтың осы спектакльге деген қалжыңға баса мән берген көзқарасы ұнайды. Премьераны тағатсыздана күтудемін, жаңа қойылымның дүниеге келуі керемет мерекелік сезімге бөлейді.

Операдағы жалғыз әйел партиясы Норинаны әр күндері Жаннат Бақтай мен Салтанат Ахметова орындайды.


« Репертуарымыз жаңа спектакльмен толығатынына өте қуаныштымыз, ол камералық сахнаға қарай бейімделген. 2019 жылы «Teatr Piccolo» жобасы аясында тамаша итальяндық қоюшылар Алла Симонишвили, Манана Гуниа және қоюшы дирижер Абзал Мұхитдинмен Дж.Россинидің «Жібек саты» операсының премьерасында жұмыс істеу бақыты бұйырды. «Дон Паскуале» спектаклі бойынша тағы да бұрынғы қазақстандық-итальяндық командамен жұмыс істедік. Менің ойымша, бәрі де: режиссура, сценография, костюмдер өте үйлесімді болды. Норинаның партиясын алғаш рет орындамақпын, маған оның жарқын, кей-кейде қызу мінезі қатты ұнайды. Мұнда вокалдық қиыншылықтар жетерлік және менің міндетім – нақты композитор жазған ғажап музыкаға ілесу. Сонымен қатар актерлік тұрғыдан да біраз тер төгуге тура келеді, себебі кейіпкерімнің бейнесі сан қырлы, сондықтан оның мінез-құлқының барлық өзгешеліктерін ашу керек», - деген пікірін ортаға салды Салтанат Ахметова.

Жаннат Бақтай да аталған опера туралы қызықты деректерді айтып берді.

«Дон Паскуале» — Г.Доницеттидің ең соңғы операсы, мұның опера-сатира екенін баса айтқым келеді. Оны Г.Доницетти науқас кезінде шығарған, дегенмен туындысы бейне бір отшашу іспеттес болды. Онда барлығы драматургиялық дәлдікпен құрылған, мұны мен шлягер деп атар едім, ол басқа ешбір операға ұқсамайды. Г.Доницетти – атақты Дж.Вердидің еліктеп, соның шығармашылығынан нәр алып өскен композитор, Доницеттидің шығармашылығы Вердидің драматург ретінде қалыптасуына ықпал етті. Бұл опера қоғамдағы қарым-қатынас түрлеріне әжуа болып табылады, онда жағымды кейіпкерлер жоқ, осының бәріне қарамастан, олардың әрбірі өте қызықты, әлеуметке, өмірге бейімделеді, қоғамда ыңғайлы орынға жайғасу үшін үнемі бірдеңелер ойлап табады. Менің қаһарманым Норина жас, сұлу, өте тартымды, қу – ол жағымды да, жағымсыз да кейіпкер емес. Норина – қоғамнан өз орнын тауып, кедейшіліктен құтылуға тырысып баққан әйел. Либретто бойынша ол Дон Паскуаленің жиені – бай мұрагер Эрнестоға тұрмысқа шығуды қалайтын жас жесір. Алайда оның мұрасына қауіп төніп тұр, Эрнестоның алдын орап, Дон Паскуале Норинаға өзі үйленгісі келеді.

Оның музыкалық бейнесі вальс тәріздес қимылдармен, көңілділік, тапқырлық және қалжыңмен сипатталады. Норинаның еті тірі, ол көшбасшы. Осы кезде феминистік қозғалыс, әйелдер құқығы үшін қозғалыс басталғанын айта кету керек және бұл өте маңызды сәт. Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсындағы кейіпкер Адина да сондай, ол өзіне-өзі әрі би, әрі қожа. Екі қаһарман да – Норина да, Адина да қоғамда өздеріне жағдай жасағысы келеді.

«Дон Паскуале» операсы 2 сағат жүретініне қарамастан, уақыт зымырап өте шығады, себебі драматургия тығыз байланыста құрылған. Десек те, туындының табысқа кенелуінің себебі – аққайнардың шашыраған тамшыларын еске түсіретін операның музыкасында. Ол бірден есте сақталып қалады, операның соншалықты танымал болуын қамтамасыз еткен де осы. «Дон Паскуале» Париждегі итальяндық операға арналып итальян тілінде жазылған, Доницетти «Комик» француз опера театрына арнап француз тілінде «Полк қызы» операсын жазғаннан кейін, «Дон Паскуале» операсы итальяндық операның өз ана тіліне оралуындай болды. Ол кезде Париж әлемдік мәдениеттің орталығы еді, сондықтан әр композитор өз шығармасының сонда орындалуына талпынатын. Егер олар Францияның астанасында үлкен танымалдылыққа ие болса, автоматты түрде оны бүкіл әлем мойындайтын. Сол себепті Г.Доницетти, Дж.Верди, В.Беллини сынды композиторлар операларының Парижде орындалғанына ұмтылатын.

Малатестаның бейнесі бойынша Ержан Саипов пен Азамат Жылтыркөзов жұмыс жасауда.


- Бұл операда кейіпкерлер саны көп емес, небәрі бесеу. Дәрігер Малатеста – байланыстырушы буын, барлық қаһармандар арасындағы орталық кейіпкер ретінде рөл атқарады. Орын алған жағдайлардың салдарынан, ол Норина мен Дон Паскуаленің жалған некесінің шытырман оқиғаларына тап болады. Аталған партия маған өте ұнайды, себебі ол өте қызықты, көрнекі, онда ұсақ техникалар көп, баритонның вокалдық шеберлігін паш етуге мүмкіндік беретін диапазоны ауқымды.

Композитор Г.Доницетти қысқа, бірақ жарқын өмірінде артында ондаған опералар қалдырып үлгерді. «Дон Паскуале» - жас театрымыз үшін өте маңызды премьера, себебі ол ұлы композитордың танымал операларының бірі. Аталмыш спектакль репертуарымызда VII маусымда жоспарланған болатын, алайда коронавирус індетіне байланысты мерзімдері өзгертілді. Біз, әртістер, осы қойылым бойынша қажырлы еңбек еттік, әсіресе вокалдан тәлімгеріміз Алла Симонишвилимен көп жұмыс жасадық. Дайындықтар қарқынды жүргізілді. Опера Камералық залда ұсынылмақ, біраз ықшамдаулар жасалды, бірақ бұдан спектакль өз тұтастығын жоғалтқан жоқ. Қойылым өте жарқын, оқиғаларға толы болып шықты, сценография, декорациялар – өте ұтқыр. Суретші-сценограф Манана Гуниа өз міндетін орындауға айтарлықтай концептуалды түрде келді. Оның амал-тәсілдерінің арқасында, опера әлемнің кез келген жерінде көрсетіле алады, - деп атап өтті Азамат Жылтыркөзов.


Соңғы жаңалықтар