«Астана Операда» Алан Бөрібаевтың жаңа концерті қойылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 17 қазанда «Астана Опера» сахнасында «Мольер, Вольтер және Бомарше, немесе Француз комедиясының негізін салушылар» опера-симфониялық концерті өтеді. Жоба авторы – театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Музыкалық кеште батыс еуропалық классик-композиторлардың атақты драматургтердің сюжеттеріне жазылған шығармалары ұсынылады.

«Меніңше, бұл өте қызықты жоба. «Мольер, Вольтер және Бомарше, немесе Француз комедиясының негізін салушылар» - мұндай ұзақ тақырып 18-ғасырдағы романдардың тақырыбы тәрізді. Мұнда комедиялық жанрлар көп болды. Бұл ретте географиялық тұрғыда француз театры оқшауланды. Әрине, әлемде комедиялық бағыттар көп. Ал бүгін француз театрының даму парақтарына кішігірім саяхат жасаймыз. Бұл кезең 150 жыл уақытты қамтыды», - деді А. Бөрібаев театрда өткен басты дайындықта.

Мұндағы шығармалар үш жазушы-драматургпен, комедиографтармен байланысты. Сондықтан спектакль «Мольер, Вольтер және Бомарше, немесе Француз комедиясының негізін салушылар» деп аталады.

«Бір жағынан концерт ойлап тапқым келді. Қазір бізде айрықша күрделі уақыт болғандықтан, көрермендерге көңілді, бой сергітетін туынды ұсынғым келді. Бұл бағдарлама арнайы «Астана Опера» театры үшін, театрымыздың көрермендері үшін әзірленген. Екінші жағынан өнердің көптеген түрлерін біріктіруге, әмбебап синтез жасауға тырыстым. Сахнада симфониялық оркестр, классикалық әдебиет, балет, пантомима, опера әншілері және заманауи технологиялар бар. Мәтінді актер оқиды. Бұл – театрдың барлық күші жұмылдырылған концерт. Тіпті бірегей өнім және шетелде теңдесі жоқ деп те айта аламын», - деді Алан Бөрібаев.

Еске сала кетсек, залда 50 көрермен ғана отыра алады, бірақ өзге көрермендер спектакльді онлайн форматта да тамашалай алады.


Соңғы жаңалықтар