Астана опера театрының әртістері Түркістанда дауыс берді

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда гастрольдік сапармен жүрген «Астана Опера» театрының әртістері де референдумға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана Опера» театрының әртістері Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да ұйымдастырылған №133 референдум учаскесінде дауыс берді. Ата Заңға енгізілетін өзгерістерге өз көзқарастарын бюллетень арқылы білдірді.

Учаске төрағасы Бегахмет Абусейтовтың айтуынша, референдум заң талаптарына сай әрі жоғары деңгейде өтіп жатыр.

«Бұл аумаққа тіркелген сайлаушылардың белсенділігі өте жақсы. Учаске сағат 7:00-ден бастап ашылды. Ең алғаш келіп дауыс берген азаматтарға сый-сыяпат жасалды. Мұнда 2 459 сайлаушы тіркелген. Оның көпшілігі – университет студенттері мен ұстаздары және қала тұрғындары. Учаскеде барлық әдістемелік құрал-жабдықтар орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалып, арнайы кабиналар қарастырылған», – деді ол.

Екі миллионнан астам тұрғыны бар өңірде 1,1 млн. сайлаушы тіркелген. Оларға 900-ден астам референдум учаскесі әзірленді. Қазіргі кезде облыстың барлық аудан, қалаларында дауыс беру жалғасып жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 85 жастағы тұрғыны Жандарбек Жүсіпов алғашқылардың бірі болып дауыс берген еді.

Сондай-ақ, дауыс беруші арыстық тұрғын шашу шашса, сарыағаштық зейнеткерге шапан жабылды.

Ал, ғасыр жасаған Арыс қаласының тұрғыны Рысалды Бейсенбаева немерелерін ерте келді.

Түлкібастық ұстаздар династиясы да отбасылық дәстүрі бойынша өз таңдауын жасады.


Соңғы жаңалықтар