+7 (701) 759 90 19
USD 385.76 EUR 427.89
RUB 6.04 CNY 54.79
Jańalyqtar

Астана Опера ғимараты: барқыт матасы акустикаға әсер етеді

2018 жылғы 30 маусым 09:43
Бөлісіңіз:
Астана Опера ғимараты: барқыт матасы акустикаға әсер етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың сол жағалауында орналасқан «Астана Опера» театры келушілерді өзінің асқан әсемдігімен таңдандырады. ҚазАқпарат тілшісі елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында осынау әсем ғимаратты аралап қайтқан болатын.

«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры 2013 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Қазақстан Президенті барша көрермендерді Орталық Азиядағы ең үлкен опера және балет театрының ашылуымен құттықтап, елорданың 15 жылдығына арналған баға жетпес сыйлық болғанын атап өткен еді.

Жалпы аумағы 64 мың шаршы метрді құрайтын жаңа театр әу баста Миландағы «Ла Скала», Мадридтағы Корольдік опера, Мәскеудегі Үлкен немесе Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқты әлемдік театрларының қатарына кіруге толық құқылы өнер шаңырағы ретінде ойластырылды. Оны тұрғызуда отандық мамандардан басқа Швейцария, Италия, Албания, Марокко, Ресей сынды 33 елдің шеберлері қатысты. Жобаға италиялық сәулетші Ренато Аркетти жетекшілік етті.



Театр құрылысына 30 градустық аптап пен 30 градустық аязға төзімді құрылыс материалдары пайдаланылған. Оның ішкі және сыртқы безендірулері барокко, бірнеше стильді қамтиды. «Астана Опера» ғимараты тұрғындардың барлық әлеуметтік топтарының, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың келуіне де қолайлы. Олар үшін театрда ені кең есіктер, қауіпсіз пандустар, арнайы лифт және спектакльдер мен концерттерді барынша жайлы әрі қауіпсіз тамашалауға мүмкіндік беретін қажетті атрибуттар бар.


Орталық фойеге кірген қонақтардың назары үлкен аспалы шамға түсері сөзсіз. Богемдік хрустальдан жасалған бұл шамның салмағы - 1 тонна 600 келі. Фойе едендері сициялиялық мәрмәрдан жасалса, қабырғадағы барлық Бурабай және Шарын құздарының суреті 3D форматында қолмен салынған.




Астана Опера ұжымы ғимараттағы ең сапалы акустикамен мақтана алады. Әнші немесе аспаптық орындаушы шығарманы қай үндестілікте орындаса да, оны сапалы және айқын дәлдікпен беру мүмкіндігі бар. Арнайы акустикалық эффект болу үшін оркестрлік шұңқыр үстіне, сахна мен залға отызға тарта микрофон қойылған. Мұнда сахнаны қоршай орнатылған айналардың тұруы да тегін емес. Айна келген дыбысты кері итеріп, театр акустикасына оң ықпал етеді. Барқыт матасы да акустика үшін өте пайдалы, сондықтан залдағы орындықтар мен креслолар бірыңғай велюр матамен қапталған.

Осы орайда сахна шымылдығына тоқталмай өте алмаймыз, себебі Астана Опера шымылдықтары өртенбейтін велюр матадан жасалған. Бұл шымылдықтарды үш түрлі - көлденең, тік және диагоналды әдіспен ашып-жабуға болады.

Театрдың Үлкен залы 1250 адамға арналған. Бұл орындар өзара партер, партер бокс, амфитеатр, бельетаж, 1-2 балкондар және галерея болып бөлінеді. Балкондар ұлттық оюмен безендірілген және тұтас залдың түс гаммасы ашылған анар жемісін бейнелейді.


Сондай-ақ, Астана Опера ғимаратында «Сахна шежіресі» музейі орналасқан. Мұнда театр құрылысы қалай басталды, іргетасының қалануы кезіндегі фотосуреттер, Қазақстанда өнер көрсеткен опера және балет театрларының костюмдері қойылған. Атап айтқанда, музейден аңызға айналған Ахмет Агади, Байғали Момбеков, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Нұржамал Үсенбаеваның костюмдерін көруге болады.


«Астана Опера» сахнасында Бибігүл Төлегенова, Айман Мұсақожаева, Жания Әубәкірова, Нұржамал Үсенбаева, Алан Бөрібаев, Майра Мұхамедқызы және тағы басқа әйгілі қазақстандық әртістермен бірге әлемдік музыка өнерінің жұлдыздары: Пласидо Доминго, Зубин Мета, Елена Образцова, Валерий Гергиев, Хосе Каррерас, Анна Нетребко, Марсело Альварес, Светлана Захарова, Вадим Репин, Денис Мацуев, Владимир Спиваков өнер көрсетті. Сондай-ақ, бұл сахнада белгілі қазақстандық әртістер мен ұжымдар, неополитандық «Сан-Карло», генуялық «Карло Феличе» театры, Санкт-Петербургтегі Мариин театры, Новосібір опера және балет театры, З.Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театры және тағы басқа айтулы ұжымдар гастрольдік сапар шеңберінде өнерлерін паш етті.

Астана Опера ұжымы жаңашылдықтан, жаңа тәсілдерді қолданудан қашқан емес. Сәуір айында Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы үшін театр сахнасына шынайы сарқырама құлайтын тау тұрғызылды. 3D технологияларды пайдаланудың арқасында табиғат пен өмір көріністері сахнада тірі қалпында көрсетілгендей әсер тудырды. Ал мамыр айында мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне назар аударту мақсатында әртістер көзге түртсе көргісіз қараңғылықта ерекше қайырымдылық концертін өткізді. Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Астана Опера» ұжымы «Корсар», «Турандот» «Манон» сынды бірқатар премьераларды әзірлеп отыр.











Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT