«Астана Опера» гастрольдік сапармен Ташкентке барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театры гастрольдік сапармен Өзбекстан астанасы Ташкентке барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында «Астана Опера» театрының труппасы Ташкенттегі гастролінде қазақстандық әрі әлемдік классика жауһарларын ұсынбақ - 10 шілде күні А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы, 13 шілдеде Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсы көрерменге жол тартады. Гастроль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Мемлекеттік академиялық Үлкен театры сахнасында өтеді.

Бұл - «Астана Опера» театрының тарихында Өзбекстандағы алғашқы туры екенін атап өткен жөн. Гастрольдік афишаға «Абай» операсы кездейсоқ енген жоқ, себебі келер жылы әлемдік музыкалық қауымдастық мерейлі күнді - қазақтың ұлы ақыны, композитор, ағартушы әрі ойшыл Абайдың 175 жылдығын атап өтеді.

Өзбекстандық көрермен танымал әншілер - Сүндет Байғожин, Салтанат Ахметова, Мейір Байнеш, Бейімбет Таңарықов, Талғат Ғалеев, Татьяна Вицинская, Ержан Саипов, Болат Есімханов, Рамзат Балакишиев, Шыңғыс Расылхан және т.б. өнерпаздардың тамаша дауыстарымен, керемет ойынымен таныса алады.

Симфониялық оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты дирижер - Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев жетекшілік етеді. Маэстроның арқасында «Абай» операсы алғаш рет Оңтүстік Тюрингия театрының сахнасында неміс тілінде шырқалды. Осы спектакльдің «Астана Операдағы» қоюшы дирижері де өзі болып табылады. Елордалық труппаның орындауындағы ұлттық классика жауһарын Италия жұртшылығы зор табыспен қарсы алды. Ал 2018 жылы осы қойылым үшін «Астана Опера» шығармашылық ұжымының қатысушылары ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

«Абай» операсы - Қазақстан мәдениеті мен өнерінің бетке ұстар туындысы деп нық сеніммен айтуға болады.

Еске салар болсақ, сәуір айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Өзбекстандағы Қазақстан жылын ашты. Өз

сөздерінде Мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстанды біріктіретін ежелден келе жатқан достық пен тату көршілік дәстүрлерін атап өтті.

Гастрольдік бағдарламаны 13 шілде күні Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсы жалғастырады. Қоюшы дирижер - Алан Бөрібаев, режиссер - Лоренцо Амато, сценограф - аты аңызға айналған Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші - «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино.

Джакомо Пуччинидің операсы - өзінің сұлулығымен, көркімен Чио-Чио-сан (Көбелек) деген атқа ие болған жас гейшаның үлкен, шынайы махаббат тарихы. Ол «гүлді кез-келген жерден жұлып алуға болады» деген жеңіл ойлы американдық офицер Пинкертонды жақсы көріп қалады.

Басты партияларды орындаушылар: шытырман оқиғаларды жақсы көретін бейқам Пинкертон бейнесіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы Орденінің кавалері Медет Чотабаев дайындалуда. Күрделі Мадам Баттерфляй партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай орындайды. Адал қызметші Сузукиді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина ұсынады. Бегзат американдық консул Шарплестің бейнесін өзбек сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев сомдайды.

Сахна төрінде орын алған тұтас әлем көрермен назарын баурайды. Ол үшін бірегей толық масштабты құрылымдар - күн мен жұлдыздардың шағылысуын көруге мүмкіндік беретін 18 метрлік бассейн пайдаланылатын болады. Ағаштан, бамбуктан жасалған шағын дәстүрлі үйлер тамсандырары анық, ал сахнаның ішкі көрінісі сакура бұтақтарымен және суреттермен безендірілген.

Спектакльдердің басталуы сағат 19:00-де.

Соңғы жаңалықтар