Астана Опера биылғы маусымын Алан Бөрібаевтың бағдарламасымен аяқтайды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана Операның» бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың «Парижден кәдесый» авторлық бағдарламасы 14-15 шілдеде «Астана Операның» IX театрлық маусымын аяқтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл концерт тыңдарманға бір гала-опера аясында жиырмадан аса танымал, сондай-ақ француз композиторларының өте сирек орындалатын жауһарларымен танысуға мүмкіндік береді. Барлық шығармалар XIX ғасырдағы француз мәдени өмірімен өзара тығыз байланысты.

«Бұл жоба – XIX ғасырдың француз романтикалық операсы секілді шоқтығы биік мәдени құбылысты бүкіл кеш бойы қамтуға жасаған шығармашылық талпыныс. Бұл ұғымның кеңдігі сонша, осынау жалпыланған терминнің ішінде ол көптеген бағыттарға бөлінеді. Гуноның «Фауст», Бизенің «Кармен» немесе Делибтің «Лакме» секілді үш атақты француз операсын атасақ та, олардың романтизм, реализм және ориентализм секілді түрлі ағымдарды білдіретінін көреміз. Біздің концертімізде ұсынылған барлық композиторларды не біріктіреді десек, ол жоғары талғамға, тапқырлыққа, кемелдікке, мәнер көркемдігіне, әуен әсемдігіне, драмалық көріністердің көзтартарлығына, әуенді әрі үйлесімді айналымдардың төлдаралығына құштарлық. Мәселен, ұлы Жорж Бизе сөзге екпінді дұрыс түсірмегенде сөз өзі шығарған әуенге «қонып» тұрса, ол әуен үшін екпінді солай қате күйінде қалдыра салады. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, үйреншікті болмау – француз операсы мәнерінің ең маңызды құраушы тұстарының бірі», – дейді Алан Бөрібаев.

Айта кету керек, Қазақстан мен Францияны, әсіресе Парижді берік шығармашылық көпірлер байланыстырады. Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париждегі өнер көрсетуін екі елдің мәдени қатынастарының бастауы деп есептеуге болады. Ол біздің өнерімізді еуропалық сахнада таныстырған алғашқы қазақстандық орындаушы атанды.

Парижде ұлы қазақ ойшылы Абай, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезовтің мерейтойлары да өткен болатын, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде қазақтың ұлы композиторы Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы өтті, оған Алан Бөрібаевтың өзі дирижерлік етті.

Ал 2014 жылы бас дирижер Париждегі атақты Champs-Élysées театрында А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсының француздық премьерасын таныстырды, ол да маэстроның барлық жобалары секілді зор табыспен өтті.


Фото: astanaopera.kz
Соңғы жаңалықтар