Астана опера академиясының шәкірттері үлкен сахнаны бағындырып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясы бірінші оқу семестрін қорытындылады. Әйгілі педагогтердің қарқынды курстарынан тұратын бірегей оқу бағдарламасы жас әншілерге бар-жоғы үш айдан соң үлкен сахнада асқан шеберліктерін паш етуге ықпал етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екі жыл ішінде академия білім алушылары мамандықтың даңғыл жолын жүріп өтуі тиіс, сондықтан оқу бағдарламасы барынша мазмұнды етіп құрастырылған.

Франческо Медда, Анатолий Гусев, Тимур Урманчеев, Ярослава Козина, Марко Феррентино, Светлана Фортуна сынды керемет оқытушылық құрамның арқасында өнер жолына жаңа түскен әншілер еліміздің опера өнерінің атын шығара отырып, әлемнің үздік сахналарын бағындырудағы асыл армандарына қарыштап қадам басуда.

Бірінші семестрді түйіндеуші кезең – Фернандо Кордейро Опа (Италия) және Эдуард Погосовтың (Украина) екі апталық шеберлік сабақтары, олар академия тыңдаушыларымен вокал техникасы, айтылым, туындылардың интерпретациясы және речитатив орындау өнерін меңгеру бойынша жұмыс істеді.

– Ұстаздарымыз беретін ақпарат көлемін ойға сіңірудің белгілі бір қиындығы бар, дегенмен біз барынша тырысып жатырмыз. Фернандо Кордейро Опаның бірегей әдістемесі бар, тыныс алу мен резонаторлық қағидаты маған анағұрлым түсінікті бола бастады. Эдуард Рафаэлович Погосовпен өткен шеберлік сабағы өте пайдалы болды, – деп пікірімен бөлісті академия тыңдаушысы Әсем Әубәкірова.

Екінші семестрде жаңа бастап келе жатқан орындаушыларды танымал оқытушылармен жаңа сабақтар, концерттер мен қойылымдар күтеді, бұл дарынн ың өзге қырларын ашып, әншілік шеберлікті дамытуға мүмкіндік береді.

Кемелдікке ұмтылып, жас әншілерді көп еңбектендіретін Astana Opera академиясы оқу бағдарламасының маңызды бөлігі әрі артықшылығы сахна төріне шығып, тыңдарман қауымның пікірін алуға мүмкіндік береді.

Оқу басталғалы бір айт өткен соң опера музыкасын бағалаушыларға ұсынған тартымды концерті жас орындаушылар үшін алғашқы емтихан болды.

Шығармашылық өмірдегі тағы бір маңызды кезең – Бибігүл Төлегенованың XI халықаралық вокалистер байқауында кәсіби тұрғыдан танылуы.

Академияның бес білім алушысы – Әлихан Зейнолла, Ұлпан Әубәкірова, Дариға Мұсаева, Ораз Мұхамедияр мен Талғат Аллабиринов лауреат атанды.

«Дегдар» гуманитарлық қоры ұйымдастырған «Сиқыр әуендері» қайырымдылық фестивалі Академия білім алушыларын жылы қарсы алды, өнерпаздар сәтті өнер көрсетті.

Академияның жас әртістері Е.Рахмадиевтің қайта жаңғырған «Алпамыс» ұлттық операсына қатысуы елеулі оқиға болды.

Расул Жармағамбетов пен Ержан Саипов – Алпамыс, Шыңғыс Расылхан – Тайшық хан және Әлихан Зейнолла – Кейқуат, олар сыншылар мен көрермендердің бағалауы бойынша жоғары кәсіби деңгейде өнер көрсетті.

Тағы төрт жас өнерпаз өткен демалыс күндері «Астана Операның» репертуарлық спектаклі – Дж.Пучиннидің «Богема» операсында дебют жасау мүмкіндігіне ие болды.

«Астана Опера» Үлкен залының сахнасына Саян Исин (Рудольф), Жандарбек Еркінбаев (Бенуа), Дінмұхамед Көшкінбаев (Альциндор) және Талғат Аллабиринов (Парпиньоль) шықты.

– Академия білім алушылары театр қойылымдары мен концерттік бағдарламаларға белсенді қатысып жатқанын атап өту маңызды, ал жақын арада опера сүйер қауым жаңа дауыстарды есту мүмкіндігіне ие болады, - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев. – Академияның қызметі қысқа мерзім ішінде елімізден тыс жерлерге белгілі болды. Алдағы 2023 жылы оқуға Қазақстаннан ғана емес, шетелден де жас дарындар көбірек қабылданады деп сенемін.


Соңғы жаңалықтар