Astana Open турнирінде финалға шыққан теннисшілер белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Astana Open ATP 250 турнирінде финалға шыққан ойыншылар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ATP 250 деңгейінде алғаш өтіп жатқан жарыста жекелей сында бірінші жартылай финалда әлемнің 45-ракеткасы, аустралиялық Джон Миллман мен рейтингте 64-орында тұрған америкалық Фрэнсис Тиафо кездесті.

Турнирдің 4-ракеткасы, тәжірибелі, 31 жастағы Д.Миллман үшін елорда додасы сәтті болды деуге толық негіз бар. Осының алдында ширек финалда тағы бір америкалық, әлемнің 59-ракеткасы Томми Полмен шеберлік байқасқан еді. Үш сетке созылған аса тартысты матчта соңғы тай-брейкте Д.Миллман қарсыласынан 0:5 есебімен жеңіліп жатқан-ды. Міне, осы сәтте аса сәтті ойнаған ол 7:5 есебімен ұтып кетті.

Ф.Тиафомен бәсеке де тартысты өрбіді. Бірінші партияда 22 жастағы америкалық спортшы 6:3 есебімен басым түссе, екіншісінде аустралиялық теннисші есе қайырды – 6:4. Соңғы сетте Тиафо 3:0 есебімен алға кеткен. Бірақ Миллман тағы да табандылық көрсетіп, қарсыласын қапы қалдырды – 6:4. Қатарынан екі америкалық теннисшіні ұтқан ол финалға жолдама алды.

Екінші жартылай финалда әлемнің 39-ракеткасы, 32 жастағы франциялық Адриан Маннарино мен одан 11 жасқа кішілігі бар, рейтингте 98-сатыдағы финляндиялық Эмил Руусувуори кортқа шықты.

А.Маннарино осы доданың 3-ракеткасы болып тіркелсе, Э.Руусувуори іріктеу сайыстарынан кейін негізгі жарысқа қосылды. Турнир барысында жас фин спортшысы әуелі Тимофей Скатовты, ширек финалда тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкинді жолдан тайдырды.

Бірінші партияда алдымен А.Маннарино алға шыққанымен, қарсыласы есепті теңестіре алды. Бірақ есеп 5:5 болған мезетте франциялық спортшы брейк жасап, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 7:5.

А.Маннарино екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Сосын есепті 5:1-ге жеткізді. Ақыры ол матчты жеңіспен тәмамдай білді – 6:2.

Осылайша жексенбі күні Д.Миллман мен А.Маннарино чемпиондық атақ үшін таласады. А.Маннарино 2019 жылы Нидерланды еліндегі Хертогенбосх ATP 250 турнирінде жеңімпаз атанса, Д.Миллманның ондай атағы жоқ.

Жұптық сында турнирдің бірінші және екінші ракеткалары, бельгиялықтар Сандер Жилле мен Йоран Флиген және аустралиялықтар Макс Пёрселл мен Люк Сэвилл бас жүлдені сарапқа салады. Аустралиялық жұп алғашқы айналымда қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесовті жеңген болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Astana Open турнирінің жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар