Astana Open: Кукушкин жартылай финалға өте алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Astana Open ATP 250 турнирінің жартылай финалына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 91-ракеткасы М.Кукушкин ширек финалда рейтингте 98-орында тұрған 21 жастағы финляндиялық Эмил Руусувуоримен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда бастап доп берген фин спортшысы есеп 3:2 болған мезетте брейк жасап кетті. Содан кейін осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.

Екінші сетті Э.Руусувуори қос брейкпен бастады – 4:0. Сосын матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:1.

Бәсеке 1 сағат 20 минутқа созылды.

Фин теннисшісі финалға шығу үшін әлемнің 39-ракеткасы, франциялық Адриан Маннариномен таласады. Ол ширек финалда америкалық Маккензи Макдональдты 6:1, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Екінші жартылай финалда америкалық Фрэнсис Тиафо мен аустралиялық Джон Миллман кездеседі.

Елімізде ATP 250 деңгейінде алғаш өтіп жатқан жарыс 1 қараша күні мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Astana Open турнирінің бірінші ракеткасын ұтқанын, карантинге байланысты Париждегі мастерс жарысының көрерменсіз өтетінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар