Astana Open ATP 500 турнирі: ширек финалға шыққан ойыншылар анықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Astana Open ATP 500 турнирінің ширек финалына шыққан барлық ойыншылар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, 7 қазан күні алғашқы болып елорда уақытымен сағат 12:00-де кортқа ресейлік, әлемнің 9-ракеткасы Андрей Рублев пен франциялық Адриан Маннарино (51 АТР) шығады.

Қарсыластар осыған дейін екі рет кездескен. Есеп – 1:1.

Әлемнің 6-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципас поляк Хуберт Хуркачпен (10 АТР) ойнайды. Мұнда өзара сегіз матчтың алтауында Циципас басым түскен.

Ширек финалдың кешкі сессиясы сағат 18:00-де басталады. Орталық кортта әлемнің 7-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 21 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джокович пен ресейлік Карен Хачанов (18 АТР) өнер көрсетеді. Жеті бәсекенің біреуінде ғана, 2018 жылы Париж мастерс жарысының финалында Хачанов Джоковичті жеңген.

Ойын күнін әлемнің 4-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев пен испаниялық Роберто Баутиста-Агут (21 АТР) қорытындылайды. Ресейлік үшін Роберто – қолайсыз қарсылас. Бес кездесудің біреуінде ғана Даниил испаниялықты сүріндірген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Чехиядағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Елена Рыбакина жекелей сында Чехиядағы турнирдің ширек финалына шықты.

Астана турнирінде Александр Бублик ширек финалға шыға алмады.


Соңғы жаңалықтар