Astana Open ATP 500 турнирі: қазақстандық жұп ширек финалға шыға алмады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Бублик пен Бейбіт Жукаев Astana Open ATP 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А. Бублик пен Б. Жукаев спорттық жолдарында алғаш рет бірге кортқа шықты. Александр Бублик құрама көшбасшысы ретінде 21 жастағы Бейбіт Жукаевтың болашағына сенетінін, сондықтан осы жарыста жұптық сында онымен бірге өнер көрсетуге бел байлағанын мәлімдеді.

Қазақстандық жұпқа алғашқы айналымда аса тәжірибелі италиялықтар Симоне Болелли мен Фабио Фоньини тап болды.

Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте А. Бублик доп берген кезде италиялық дуэт брейк жасап кетті. Содан кейін өз мүмкіндіктерін жіберген жоқ – 6:4.

Екінші сетте италиялықтар 4:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.

Бұл бәсекенің тәжірибе жинақтауда Б. Жукаев үшін пайдалы болғаны анық.

С. Болелли мен Ф. Фоньини ширек финалда Польша өкілдері Хуберт Хуркач - Ян Зелинскимен кездеседі.

Осылайша, Астана жарысында Қазақстаннан жекелей сында Александр Бублик қана қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open ATP 500 турнирінде Александр Бубликтің 15 эйс жасап, екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Анна Данилина Чехиядағы жарыстың ширек финалына шықты.

Әлемнің төртінші ракеткасы Қазақстанның теннис турнирлерін жоғары деңгейде ұйымдастыратынын айтты.







Соңғы жаңалықтар