Astana Open ATP 500 турнирі: Александр Бублик 15 эйс жасап, екінші айналымға шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик Astana Open ATP 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 54-ракеткасы, нидерландылық Таллон Грикспурмен ойнады.

Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, екеуінде де А.Бублик жеңген еді.

Бұл жолы Александр бірінші партияда небәрі 21 минут жұмсап, Грикспурды бет қаратпай ұтты – 6:0.

Екінші сетте А.Бублик брейк-пойнттарын пайдалана алмаса, Т.Грикспур ондай мүмкіндігін мүлт жібермеді – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасап, сосын өз геймін де алды – 4:1. Тағы бір брейк – 5:1. Бублик матчқа доп бергенде, Грикспур есепті қысқартты. Дегенмен Александр ақыры жеңіске қол жеткізді – 6:3. Қарсыласы 5 эйс, 2 брейктен (3 брейк-пойнт) аса алмады.

Бір сағат 40 минутқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 15 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.

А.Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 10-ыншы, осы жарыстың 7-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркачпен таласады. Х.Хуркачтың да бойы ұзын, соққысы жойқын. Сондықтан матч тартысты болатыны анық.

Жұптық сында бүгін қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов бірінші айналымда франциялықтар Адриан Маннарино – Фабрис Мартенге жол берді – 6:3, 4:6, 9:11.

Осылайша Астана додасында Қазақстаннан жекелей сында А.Бублик қана қалды. Ал жұптық сында А.Бублик пен Бейбіт Жукаев 5 қазан күні италиялықтар Симоне Болелли – Фабио Фоньинимен сынға түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Чехияда әлемнің 17-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Astana Open ATP 500 турнирінде әлемнің бірінші ракеткасы жеңіліп қалды.

Карен Хачанов Астанаға теннис жұлдыздары жиналғанын айтты.

Теннисші Тимофей Скатов Италиядағы турнирді жеңіспен бастады.




Фото:ktf.kz




Соңғы жаңалықтар