«Астана өмірді таңдайды» шығармашылық кеші өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастарды суицид тақырыбында ақпараттандыру мен оған қарсы күресуге бағытталған «Астана өмірді таңдайды» шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара Астана қалалық Қоғамдық даму істері басқармасының тапсырысымен «SOS Астана балалар қалашығы» қорының «Мен өмірді сүйемін» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды. 

Аталған жоба жастар арасында суицидпен күресу мен алдын алуға бағытталған. ДДС ұйымының есебі бойынша әлемде көбінесе 15-45 жас аралығындағы адамдар суицидке барады. Өкінішке қарай 2017 жылдың өзінде елімізде 3 644 адам өмірмен өздігінен қоштасқан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша «Мен өмірді сүйемін» жобасы аясында бұған дейінде халық арасында суицид тақырыбында ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде адам өзінің жақындары немесе достарынан суицидке апаратын қандайда бір күйзелістің белгісін байқаса, оны анықтайтын әртүрлі тәсілдердің бар екені және оның қалай жүзеге асырылатынын мамандар түсіндірді.

«Осы жобаны әзірлегенде біз әлемдік тәжірибеге сүйендік, атап айтқанда ЮНИСЕФ-тің бағдарламасын негізге алдық. Біз жұмыс істейтін негізгі үш аудитория бар, алдымен жасөспірімдер мен жастар, олармен өмірде дұрыс жолды таңдауға бағытталған шаралар өткіземіз, екінші ата-аналармен, жалпы бұқарамен ақпараттандыру жұмысы, үшінші өзіміздің мамандардың біліктілігін арттыруға арналған жұмыстар, себебі бізде білікті мамандар жетіспейді», -деді шара ұйымдастырушысы, әлеуметтік қызметкер Мария Шубина.

«Астана өмірді таңдайды» шығармашылық кешінде жастар ән айтып, би билеп көңіл көтерумен қатар, адамдардың өз өзіне қол жұмсау проблемасына назарын аударып, онымен бірге күресуге, өмірде дұрыс жолды бірге таңдауға бағытталған үгіт насихаттар айтылды. 

Соңғы жаңалықтар