«Астана» «Оқжетпесті» тізе бүктіріп, чемпиондыққа жақындай түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Премьер-лигасының 24-туры аясындағы «Астана» - «Оқжетпес» ойынында елордалық ұжым өз алаңында 4:0 есебімен жеңіске жетті.

«Астананың» еурокубоктарға қатысуына байланысты 24-турдың кейінге қалдырылған кездесуі алаң иелерінің толық үстемдігімен өтті. Мұны 10-минутта беларусьтік жартылай қорғаушы Иван Маевскийдің есеп ашып, 20-минутта Кабананганың есепті еселегенінен-ақ аңғаруға болады. Екінші таймда Патрик Твумаси үшінші голдың авторы атанса, қосалқы құрамнан алаңға шыққан Марин Томасов қонақтар қақпашысы М. Голубничийді төртінші рет өз қақпасынан доп алып шығуына мәжбүрледі. Бұл Р. Абдуллиннің есебіне автогол ретінде жазылды.

Көптеген жанкүйерлер маусым соңына қарай аутсайдерлер қауіпті бола бастайтынына иек артып, бүгін «Астана» айтулы қарсылыққа душар болады деген ойда болғаны да шындық. Өйткені турнир кестесінің соңғы орнын иеленіп тұрған көкшетаулық ұжым бүгін қалай да үш ұпай алуы тиіс еді.

Енді 31 турдың қорытындысы бойынша,  «Оқжетпес» 24 ұпаймен соңғы орында қалды. Оның алдындағы 26 ұпай жинаған «Тараздың» да келесі жылы ел біріншілігіне қатысуы неғайбыл. Өйткені плей-оффқа қатысу мүмкіндігін беретін жалғыз орынды иеленіп тұрған «Ақжайықтың» қоржынында - 29, тоғызыншы және сегізінші орындардағы «Ақтөбе» мен «Атыраудың» еншісінде 30 және 32 ұпай бар.

Биылғы чемпионаттың тағдыры 28 қазанда және 5 қарашада өтетін соңғы екі турда шешіледі.

Соңғы жаңалықтар