Астана мерекесі басталды

None
None
АСТАНА. Шілденің 4-і. ҚазАқпарат - Бүгін Сарыарқа төрінде бой көтергеніне бір мүшел болған Астана күні мерекесі ресми бастау алды.

Еліміздің барлық мәдени-тарихи, сәулет ескерткіштерін өн-бойына жинақтаған «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздің Мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті. Шара барысында Елбасы курсанттарға офицерлік погондар табыс етті.

Шілденің 4-і әртүрлі мерекелік қызықты бағдарламаларға толы. Таңғы сағат 10-нан кешкі 9-ға дейін елорданың барлық саябақтарында, скверлерінде қала халқы мен қонақтарының көңіл көтеруіне мүмкіндік беретін іс-шаралар өтеді. Көңіл көтеру бағдарламалары «Қазақстан» спорт кешені аумағындағы «Студенттік» саябағында, «ҚазМұнайГаз» алдындағы алаңда, Б.Момышұлы даңғылы бойындағы «Жерұйық» саябағында, Астаналық саябақта, қалалық алаңда, сонымен қатар «Жастар» сарайы алдында ұйымдастырылған. Концерт алаңдарында арнайы шақырылған шығармашылық ұжымдар, сиқыршылар, көңілді клоундар, хип-хоп бағытындағы топтар, би ұжымдары өнер көрсетеді. Сонымен қатар мерекелік шараларды ұйымдастырушылар көптеген викториналар, конкурстар да ұйымдастыруда.

Астана қонақтары мен тұрғындары сағат 10-нан бастап қаланың үш ауданында, Абылай хан даңғылы бойында, Есіл аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы және «Шапағат» базары аумақтарында ұйымдастырылған өндірушілердің бағасымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде болып, қажетті азық-түліктерді орташа нарықтық бағадан 15-20 пайызға төмен сатып алуға мүмкіндік алады. Жәрмеңкеге Астананың және Ақмола мен Қарағанды облыстарының 60-тан астам тауар өндірушілері қатысады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 500 тоннаға жуық

Ал сағат 11-ден бастап арнайы дайындалған «Астана - шаттық» автокеруені концерттік бағдарламамен елорданың Көктал, Өндіріс, Железнодрожный, Мичурин және Ильинка елді-мекендерін аралайды. Ұйымдастырушылар қала қонақтарын фольклорлық ансамбльдердің, цирк әртістерінің өнерлері тәнті етіп, халық әндері мен билері көңілдерінен шығады деп сенеді.

Ал сағат 12-де қалалық алаңда «Аспаздардың шеберлігі - сүйікті қалаға» деп аталатын 3 күнге созылатын аспаздық жәрмеңкесі басталады. Шара елорданың кәсіби аспаздарының басын біріктіреді. Оған үздік мейрамханалар, дәмханалар, аспаздық орындардың өкілдері қатысады. Жәрмеңке барысында қала тұрғындары мен қонақтарына арнап Астана қалалық филармониясының әртістері өнер көрсетеді.

Дәл осы мезетте спорт жанкүйерлері үшін қаланың сол жағалауында «Астана кубогы» веложарысы басталады. Спорттық шараға кәсіби спортшылармен қатар қала тұрғындары мен қонақтары да қатысуға мүмкіндігі бар. Ұйымдастырушылардың атап өутінше, жарысқа «Астана» велокомандасының көшбасшылары Александр Винокуров, Альберто Контодор сынды құрметті қонақтар да қатысады. Сайыс аясында лотерея билеттері де ойнатылып, ұтысқа аталған команда мүшелерінің қолтаңбасы қойылған спорттық киімдер беріледі.

Сағат 15:00-де Есіл өзенінің жағалауында және «Бәйтерек» монументі жанында қызықты екі бірдей, атап айтқанда «Астананың жас келбеті» және «Астана және Президент» көрмелері ашылады. Бірінші көрме аясында келушілер қылқалам шеберлерінің шығармашылық жұмысының қалай туатынын өз көзімен көруіне мүмкіндік беретін кеңейтілген плэнер өткізіледі. Ал екінші көрмеде 100-ге жуық фотожұмыс қойылған. Онда Елбасының және Астана шаһарының суреттерін тамашалауға мүмкіндік бар.

Астаналық циркте «Азия жаңғырығы» атты цирк өнерінің халықаралық фестивалі жалғасуда. Келушілер үшін 12 елдің цирк майталмандары өнер көрсетеді.

Ал елорданың ең жас әрі белсенді жастары үшін Б.Момышұлы атындағы саябақ амфитеатрында, сағат 17:00-де «International street dance session» in Astana. Креативті шоу» өтеді. Оған Қырғызстан, Ресей, Беларус, Украина, Өзбекстан және Қазақстанның барлық облыстарынан жастар қатысады. Ерекше шоудың қонақтары ретінде американдық Misha Gabriael мен германиялық Harris Hodovic өнер көрсетеді.

Астана кеші елорданың аудандары ұсынған мерекелік бағдарламалармен жалғасады. «Бәйтерек» монументі алдында «Есіл - достық өзені», қалалық әкімдік алаңында «Сарыарқа - біздің тату отбасымыз», ал Алматы ауданының мерекелік бағдарламасы «Отан қорғаушы» алаңында өтеді. Есіл аудандық әкімдігі дайындаған мерекелік бағдарлама аясында «Қала менің тағдырымда» байқауы өткізіледі. Байқау шартына сәйкес қала тұрғындары астанамен байланысты өмірлерінің қызықты да шуақты сәттерін көпшілік көкейіне жеткізе білуі керек. Байқау жеңімпаздары мақтау қағазымен, сыйлықтармен марапатталады.

Елорда кеші сағат 19:00-де Бейбітшілік пен келісім сарайында басты рөлде ресейлік әртіс Сергей Безруков ойнайтын, орыс ақыны Сергей Есениннің өміріне арналған «Бұзақы» музыкалық-поэтикалық қойылыммен басталады. Өнер сүйер қауым орыс актерін композитор ретінде де бағалауға мүмкіндік алады, өйткені ол Есенин өлеңдеріне музыка жазған болатын.

Астана мерекесін ұйымдастырушылар қала күніне ерекше сый ретінде талантты орыс пианисі Денис Мацуевтің классикалық музыка концертін тарту етіп отыр. Оның жеке концерттерінің географиялық аумағы өте кең. Ол әлемнің беделді, атап айтқанда Нью-Йорктің Carnegie Hall, «Lincoln Center», Вашингтонның Kennedy Center, Париждің Salle Gaveau, Theatre des Champs Elysees, Лондонның Royal Festival Hall, Миланның la Scala театрының залдарында концерт береді. Ал бүгін 19:00-де елорданың «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстан халқы оның өнерін тамашалауға мүмкіндік алады.

Ал түнге қарай белсенді мерекелік күннен кейін демалу сәті туындайды. Есіл өзенінің жағалауында астаналықтардың сүйікті бағдарламасына айналып үлгерген «Өзен әуені» классикалық музыка кеші сағат 21:00-де басталады. Үш күн бойы өтетін бұл аспапты әуен кешінің ағымдағы жылғы жаңалығы - аспан астындағы балет биі. Осы күндері ерке Есіл жағалауының бойында шырқалған әсем әуенге еліте, қалықтай билеген кәсбіи бишілердің өнерлеріне тәнті болады. Бүгін қала тұрғындары мен қонақтары Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін тамашалайды.

Сонымен қатар бүгін «Студенттік» саябақта, «Бәйтерек» монументі алдындағы және қалалық алаңдарда «Қайырлы кеш, Астана!» мерекелік бағдарламасы өтіп, тыңдармандарды ғажайып ән әлеміне елітуге мүмкіндік береді. Кеш қонақтарына Маржан Арапбаева, Нұрғали Тұрлыбеков, Ғани Жұмашева, Медет Шайкелов, сондай-ақ «Евразия», «Адажио» шоу-балеттері өнер көрсетеді. Ал «Студенттік» саябақта «Astana Never Sleeps» би кеші өтеді. Қалалық алаң бұл күндері би мен әзілді бағалайтындардың басын қосады. Астананың алдыңғы қатарлы ди-джейлері, «Брейк данс» үздік бишілері, сонымен қатар албырт КТК командалары сахна төріне көтеріледі.

Осылайша Астана күні мерекесінің бірінші күні аяқталады, алайда ертең таңертеңнен мерекелік іс-шаралар қайтадан жалғасын табады.

Соңғы жаңалықтар