Астана мен Ташкент Орталық Азия елдерінің басын біріктірмек - сарапшы пікірі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мен Ташкент Орталық Азия елдерінің басын біріктірмек. Мұндай пікірді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне сарапшы Жанат Момынқұлов білдірді.

«Астанада өткелі отырған Орталық Азия елдері басшыларының кеңесу мәжілісі аймақтың соңғы жылдардағы маңызды оқиғасы болмақ. Көшбасшылар бас қоспағалы осы кезең ішінде әлем тез дамып, айтулы өзгерістер орын алды. Жылдам дамыған әлемде өңірлік мәселелерде өзара кеңесіп, тәжірибесімен бөлісіп әрекет етудің  қажеттілігі артып отыр. Соңғы екі жыл қатарынан Наурыз қарсаңында Өзбекстан мемлекеті басшысының Астанаға келуі көп жайтты аңғартады. Аймақ елдері кездесуі Өзбекстанның ұсынысымен, өңір елдерінің қолдауымен Қазақстанда өтуі еліміз беделінің айқын айғағы»,  - дейді Жанат Момынқұлов.

Оның пайымынша, Орталық Азия елдері Көшбасшыларының алдағы кеңесінде Қазақстанның дипломатиялық белсенділігі мен Өзбекстандағы соңғы өзгерістердің әсерімен аймақта қордаланған мәселелер бойынша жоғары деңгейде пікір алмасып, өңірде ықпалдастықтың ұзақ мерзімді стратегиялық негіздерін қалыптастыруға мүмкіндік бар.

«Аймақтың қос алып мемлекеті осылайша өңірдің әлемдегі субъектілігін арттыратын көшбасшылық танытып отыр. Бәсекелестіктің орнына белсенді прагматизмді басшылыққа алған Ташкент пен Астана біртұтас ағзаның мүшелері іспеттес аймақ елдерінің ұстанымдарын да ескеруге мәжбүр. Осы орайда Орталық Азияның келешегінде еліміз миссиясының қандай болатынын анықтап алғанымыз жөн. Ол үшін тұтас өңір мен ондағы Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстанның жеке орны, өз миссиясы мен ұлттық ерекшеліктерін ескеру айрықша маңызды», - деді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, бірқатар өзекті салаларға қатысты шешімдерді Орталық Азия елдері бірлесе шешім іздеуі қажет.

«Біз Орталық Азияның келешегін қалай көреміз? Оған халықтардың көзқарасы қандай? Олар нені басымдық ретінде көреді? Міне, осы сұрақтарға жауапты бірлесіп іздеуіміз қажет. Өйткені біздің бір-бірімізге көзқарасымыз өзгермесе басқалардың да ниеті өзгермейді. Мысалы, аймағымызда түсіністік пен береке-бірлік болмаса ешкім келіп елімізге инвестиция құймайды, экономиканы және өңірдің беделін көтермейді. Осы ретте мәдени-гуманитарлық байланыстардыңда мәні аса зор. 2018 жылы елімізде Өзбекстан жылы болып жариялануы аясында Өзбекстан мен Орталық Азия елдеріне арналған ғылыми конференция өткізуге болады», - деп түйіндеді сөзін Жанат Момынқұлов.

Айта кетейік, ертең елордада Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан,  Қырғызстан , Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Республикалары басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі өтеді. Сол күні Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиёевтің қатысуымен Қазақстандағы Өзбекстан жылының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Сондай-ақ, екі ел көшбасшылары өнер қайраткерлерінің гала-концертін тамашалайтын болады.

 

Соңғы жаңалықтар