Астана мен Шымкентте соттар біріктірілді

None
Фото: sud.gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана мен Шымкент қалаларында азаматтық және қылмыстық істерді қарайтын аудандық соттар біріктірілді. ҚазАқпарат бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 15 мамырдағы №216 Жарлығымен Астана мен Шымкент қалаларындағы азаматтық және қылмыстық істерді қарайтын аудандық соттар біріктірілді.

Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров Астана және Шымкент қаласы соттарының басшылығымен өткізген кеңесте осы Жарлықты іске асыру мәселелері қаралды.

Бірінші сатыдағы соттар (8-і Астанада және төртеуі Шымкентте) азаматтық және қылмыстық юрисдикциялы ауданаралық соттар болып қайта құрылды. Тиісінше қайта ұйымдастырылған соттар төрағаларының лауазымдары судья лауазымдары болып өзгертілді.

Астана бойынша: Алматы, Есіл, Сарыарқа және Байқоңыр аудандық соттары азаматтық істер бойынша ауданаралық сот болып (Г. Әлиев көшесі, 6-үй), ал Алматы, Сарыарқа, Есіл және Байқоңыр аудандары бойынша №2 соттар қылмыстық істер бойынша ауданаралық сот болып біріктірілді (Кенесары көшесі, 3-үй).

Шымкент бойынша: Еңбекші, Абай, Әл-Фараби және Қаратау аудандық соттары тиісінше азаматтық істер бойынша ауданаралық сот болып (бұрынғы Еңбекші және Абай соттарының ғимараттарында) және ауданаралық қылмыстық сот болып біріктірілді (Тыныбаев көшесі, 42-үй).

Н. Ахметзакиров атап өткендей, реформа соттылық мәселелері бойынша әуре-сарсаңды жоюға, жүктемені біркелкі бөлуге және бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға ықпал етеді.


Соңғы жаңалықтар