Астана мен БҚО арасындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - БҚО әкімдігінде кәсіпкерлердің қатысуымен кездесу болып, онда Астана мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорданың 20 жылдығына орай Астананың БҚО-дағы күндері аясында ұйымдастырылған шараны ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов мұндай байланыстың маңызы зор екендігін атап көрсетті.

Астана мен БҚО арасында бұған дейін де тиімді қарым-қатынасқа жол қойылған болатын. Мысалы, «ЭКСПО-2017» көрмесі павильонын салуға батысқазақстандық «Стекло Сервис» ЖШС қатысса, оған қоса елордада көптеген кәсіпорындардың филиалдары құрылып, жұмыс жасауда.

Елбасы тапсырмасына сәйкес өңіраралық кооперация аясында өткен жылы батысқазақстандық делегация бес өңірде болса, мұндай деңгейдегі кездесулер биыл да жалғасуда. Соның ішінде ақпан айында облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған делегация Астанада болып, меморандумдарға қол қойылды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев елорданың 20 жылдығына орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кешенді іс-шаралар жоспары жасалып, көптеген шаралардың қолға алынып жатқанын жеткізді. Соның ішінде астаналық делегация өңірлерде болып, экономик ажәне басқа салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытында келісімдер жасалуда.

Кездесу барысында Астанада жүзеге асырылып жатқан нақты жобалар таныстырылды. Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Ақылды қала»  жобасын кеңінен енгізудің мәні зор. Әлемде адамдардың басым бөлігі қай жерде өмір сүру қолайлыб олса, сонда тұрғанды қалайды. Алдағы уақытта ел мен ел емес, қала мен қала көбірек бәсекелестікке түседі. Сондықтан қалалардың жан-жақты дамығаны керек. Әсіресе, туризм саласын, шаһардағы өзге де қызмет көрсету орталықтарының жұмысын цифрландыру, сол арқылы туристер мен тұрғындардың смартфон арқылы толықтай ақпарат алуын қамтамасыз ету маңызды.

Қазіргі таңда елордада мұндай жұмыстардың бәрі Астананы Еуразия кеңістігі бойынша осы заманғы өскелең талаптарға сай жан-жақты дамыған, жетекші қалалар қатарына қосу бағытында қолға алынуда.

Кездесу соңында Астана мен БҚО әкімдіктері арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға, басқа да келісімдерге қол қойылды.

Айта кетейік, 18 мамыр күні елордада Астана мен Батыс Қазақстан облысының әкімдері Әсет Исекешев пен Алтай Көлгінов жаңа тынымбақтың (сквердің) құрылысымен танысты. Қазіргі кезде 1,4 гектар аумақта құрылыс пен абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Батысқазақстандықтар елорданың 20 жылдығына орай тарту ететін тынымбақта Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың ескерткіші орнатылатын болады.  

Соңғы жаңалықтар