Астана мен бірнеше өңірде екінші ауысым оқушылары қашықтан оқиды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райына байланысты екінші ауысымда оқитын оқушылар үйде қалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қаласының білім басқармасы хабарлағандай, 11 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады.

Орал қаласында да 1-9 сынып оқушылары мектепке бармайды.

Айта кетейік, бүгін Қарағанды қаласында бірінші және екінші ауысымның 0-11 сынып оқушылары, ал Қызылорда қаласында бастауыш сынып оқушылары онлайн оқып жатыр.

Түркістан облысының бірқатар білім мекемелері де қашықтан оқуға көшті.

Жетісай, Төлеби аудандарының мектептері 11 қаңтардан бастап толық, Ордабасы, Сарыағаш аудандарында дайындық топтары мен 1-8 сынып оқушылары, Келес, Мақтаарал мен Қазығұрт ауданының дайындық сыныптары мен 1-4 сынып оқушылары, Шардара ауданында дайындық топтары мен 1-сынып оқушылары үйден білім алады.

Түркістан облысының басқа аудан-қалаларында мектептер қысқартылған 30 минуттық сабақ пен қысқартылған үзіліс кестесіне көшеді. Сонымен қатар мектепке тасымал арқылы жеткізілетін оқушылар да онлайн форматында білім алуды жалғастырады.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең бірқатар өңірде оқушылар мектепке барған жоқ.


Соңғы жаңалықтар