Астана мен Берлин ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын растады

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Германияға жұмыс сапары барысында аталмыш елдің Сыртқы істер мемлекеттік министрі Нильс Анненмен және ГФР Федералды үкіметінің жаһандық мәселелер (БҰҰ) және қарусыздандыру мен қару  таратпау жөніндегі Өкілі міндетін атқарушы Рюдигер Бонмен кездесті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлайды.

Кездесу барысында ҚР Президентінің жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету, соның ішінде Астанада Ресей, ҚХР, ЕО және АҚШ көшбасшыларының халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін саммит ұйымдастыру туралы жақында ұсынылған бастамасы қарастырылды. Тараптардың пікірінше, 2017-2018 жж. кезеңіндегі Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз мүшесі ретіндегі қызметі, сондай-ақ Германияның аталған маңызды халықаралық органдағы 2019-2020 жж. алдағы қызметі бұл мәселедегі тікелей қатысы бар басымдық болуы мүмкін.

Қазақстандық дипломат неміс тарапын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз мүшесі ретінде сайлануымен құттықтады және аталған орган аясында екі елдің басымдықтарын жүзеге асыруда тараптардың тығыз өзара әрекетін атап айтты. Неміс тарапы өз кезегінде осы лауазымға Германия кандидатурасын қолдағаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді және халықаралық ұйым аясындағы тығыз қарым-қатынасты жалғастыруға дайын екендігін растады.

2019 жылы қабылдануы күтілетін ЕО-ның Орталық Азиямен ынтымақтастығы жөніндегі жаңа Стратегиясы туралы айта келе, тараптар аймақтың ірі әлемдік нарықтары арасындағы стратегиялық көпір ретіндегі рөлі және аймақаралық қарым-қатынастарды ары қарай нығайту қажеттігі туралы бірдей пікірге келісті.

ГФР СІМ басшылығымен кездесу барысында сондай-ақ екіжақты стратегиялық ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды, бұл ретте тараптар Қазақстан мне Германия арасындағы сенімді саяси диалог және табысты сауда-экономикалық өзара қарым-қатынастың орнатылғанын айтты. Н. Аннен жақында Астанаға жасаған жұмыс сапары қорытындысын жоғары бағалады. Сапар барысында ол ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және ҚР Президентінің көмекшісі Нұрлан Онжановпен экономика мен саясат саласындағы маңызды тақырыптар жөнінде келіссөздер жүргізді.

Қазақстандық дипломат өз кезегінде Н. Аннен мырзаны бір апта бұрын неміс астанасында өткен Қазақстан-Герман іскерлік кеңесі отырысының табысты нәтижелері туралы хабардар етті. Р. Василенконың айтуынша, жасыл экономика, цифрландыру және ауыл шаруашылығы өндірісі салаларында серіктес болып табылатын Қазақстан мен Германия үшін қаржы саласында, соның ішінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен өзара әрекеттестік әлеуетін белсенді түрде арттыру тиімді болар еді.

Германия - Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі болып табылады. 2017 жылы екіжақты сауда айналымы 4,856 млрд. еуроны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21,8 %-ға артқандығын көрсетсе, ағымдағы жылдың соңғы алты айында бұл көрсеткіш 2,885 млрд. долларды құрап, өсудің жалғасуын көрсетеді. 2005-2017 жылдар аралығында неміс компаниялары Қазақстанға 4,231 млрд. доллар инвестиция салды, оның 90 % экономиканың шикізаттық емес секторына бағытталған.

Соңғы жаңалықтар