Астана мен Алматыда тұрғын үй құрылысы бәсеңдеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы республика бойынша 12,1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы» тақырыбында өтіп жатқан дөңгелек үстел барысында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы 12,1 млн шаршы метр баспана тапсыруды қамтамасыз ету жоспарланса, оның ішінде 5,1 млн шаршы метр жеке және 7 млн шаршы метр көппәтерлі үйлер бар. Бюджеттік қаражат есебінен шамамен 22 мың пәтер немесе 1,3 млн шаршы метр тапсырылатын болады. 2018 жылы бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 148,6 млрд теңге қарастырылған», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, қаржыландырудың негізгі бөлігі, нақты айтқанда  69,8 млрд теңге тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік коммуникация жүйелерін жеткізуге, 26,9 млрд теңге жергілікті атқарушы органдар жалға беретін тұрғын үйлерге, 24 млрд теңге «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына кредит бөлуге, 20 млн теңге апаттық тұрғын үйлерді бұзуға және ілкі жобаларға қарастырылған. Ал 7,9 млрд теңге жеке құрылысшылардағы халықтың ипотекалық қарыздарын субсидиялауға бағытталатын болады.

«Ағымдағы жылдың 4 айында статистикалық мәліметтерге сәйкес, республика  бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 3,6 млн шаршы метр немесе 31 мың 442 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 26,7 мың шаршы метр бюджет қаржысы есебінен салынды. Тұрғын үй құрылысы 274,8 млрд теңгеге инвестицияланды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, тұрғын үй көлемінің артуы республиканың 13 аймағында байқалады. Астана, Алматы қалалары мен Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы қарқыны бәсеңдеген», - деді Қ.Өскенбаев.

Сонымен қатар, оның дерегінше, 2017 жылы бөлінген 80,9 млрд теңге есебінен тұрғын үй құрылысын жүргізу аудандарында 3,7 мың шақырым коммуналдық желі салынған. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен дәл осы бағытқа 69,8 млрд теңге жұмсалатын болады.

Соңғы жаңалықтар