Астана мен Алматыда Екібастұз тұрғындарына гуманитарлық көмек жиналып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпошта» акционерлік қоғамы Екібастұз тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтуді қолға алады. Бұл жайында компанияның басқарма төрағасы Әсел Жанасова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Достар, Екібастұзда көпқабатты және жеке тұрғын үйлер жылусыз қалды. Алда 30 градустан төмен аязды күндер бар. Біздің компания шетте қала алмады – бүгін Қазпошта гуманитарлық көмек жинауды бастайды. Астана мен Алматыдағы кез келген Қазпошта бөлімшесіне жылытқыш, көрпе, жылы киім және басқа керек заттар әкелуге болады. Барлық көмек Екібастұзға компаниямыздың күшімен жеткізіледі», - деп жазды Әсел Жанасова Facebook парақшасында.

Еске сала кетейік, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған еді.

Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Бүгін Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқитыны хабарланды. Қала әкімінің айтуынша, 3 шағынауданға әлі жылу берілген жоқ.

28 қараша таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.


Соңғы жаңалықтар