Астана мен Алматы қалаларындағы «Қуат» корпорациясының аяқталмай қалған құрылыс нысандарына қолдау көрсетіліп, 30 миллиард теңге бөлінеді - Үкімет Қаулысы

None
None
АСТАНА. Қарашаның 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлікті қолдау және Астана мен Алматы қалаларында құрылысы аяқталмаған нысандардың мәселесін шешу жөніндегі Қаулы қабылданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Самұрық-Қазына» қорының мәліметіне қарағанда, бірінші бағыт бойынша Стресті активтер қорының қаражаты екінші деңгейлі банктерге орналастырылып, сол арқылы өңдеу саласында жұмыс жасайтын кәсіпорындардың банктерден алған қарыздары 8 пайызбен қайта қаржыландырылады. Бұл іс-шараға шағын және орта бизнес қана емес, сонымен қатар ірі кәсіпорындар да  қол жеткізе алады. Қайта қаржыландыру арқылы 750 миллион теңгені құрайтын жобаларға 7 жылға дейін және негізгі қарызды қайтару уақыты 2 жылға дейін созуға мүмкіндік беріледі.  «Бұл шаралар арқылы кәсіпорындар қарыздарын өтеуге мүмкіндік алып, үнемделген ақшасын өндіріске қайта сала алады. Осы бағыт бойынша мемлекеттен 20 миллиард теңге, ал банктерден 8,5 миллиард теңге бөлінбек»,-делінген таратылған мәліметте.

Екінші бағыт өндіріс саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнеске құрал-жабдықтарын жаңартуға  лизингтік операциялар арқылы көмек көрсетіледі. Бұл қолдау лизингтік компаниялар мен екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырылады. Бұған 2 миллиард теңге бағытталмақ.

Үшіншісі, Қазақстанның даму банкі арқылы машина жасау, энергетика, фармацевтика және басқа салалар бойынша инвестициялық  жобалар қаржыландырылады. Бұл салаға мемлекеттен 20 миллиард теңге, Даму банкі арқылы 30 миллиард теңге бөлініп, инвестициялық жобаларға жалпы 50 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылмақ.

«Осы арқылы өңдеу саласын қолдауға жалпы сомасы 80,5 миллиард теңге бөлінгелі отыр.  Оның  42 миллиард теңгесі мемлекет есебінен, ал 38,5 миллиард теңгесі басқа қаржы көздерінен тартылмақ», -деп көрсетілген «Самұрық-Қазына» мәліметінде.

Сонымен төртінші бағыт бойынша Астана мен Алматы қалаларындағы «Қуат» корпорациясының аяқталмай қалған құрылыс нысандарына қолдау көрсетілетін болады. Бұл мақсаттарға 30 миллиард теңге жұмсалмақ. Осы арқылы 2,5 мыңнан астам үлескердің мәселесі шешіліп, 420 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады.

 

Соңғы жаңалықтар