Астана мектептерінің бірінде түтін неден шыққаны белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желілерде астанадағы мектептердің бірінен түтін шығып жатқаны көрінетін видео тарап жатыр. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департамент мәліметі бойынша, «101» шұғыл нөміріне аталған видеоға қатысты ешқандай қоңырау мен хабарлама түспеген. Бірақ мән-жайды нақтылау үшін департамент қызметкерлері видеодағы мекенжайға жіберілген.

«Төтенше жағдай мамандары анықтағандай, мектеп дәретханасындағы қол кептіргіш қондырғы қысқа тұйықталу салдарынан істен шыққан. Оқиғадан зардап шеккен адамдар жоқ. Сабақтар штаттық режимде өтті», - деп түсіндірді департамент мамандары.


Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт туындаған жағдайда не істеу керектігін де айтты.

«Болған жағдай туралы өрт сөндіру қызметіне «101» нөмірі арқылы дереу хабарлап, мекеменің мекенжайын, өрт болған жерді және өзінің аты-жөнін айту керек. Осыдан кейін болған жағдай туралы мекеме басшысына хабарлап, оқушылар мен қызметкерлерді эвакуациялау бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұдан соң қолда бар құралдармен өрт сөндіру қамын ойластыру керек.

Өрт қауіпсіздігі режимі мен ережелерінің орындалуы мен сақталуын тұрақты бақылау мектеп әкімшілігіне жүктеледі. Мектептің электр жабдықтары мен желілері талаптарға, техникалық пайдалану ережелеріне сәйкес келуі керек. Электр қуатымен жұмыс істейтін аппаратуралардағы кез келген ақаулар дер кезінде жойылып отыру тиіс. Қандай да бір ақауы бар қондырғыларды пайдалануға тыйым салынады. Компьютерлер мен кеңсе техникасына тұтанғыш сұйықтықтар мен материалдарды жақын ұстауға да болмайды», - делінген департаменттің ескертпесінде.


Соңғы жаңалықтар