Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 376.30 EUR 425.22
RUB 5.68 CNY 55.63
Jańalyqtar

Астана медуниверситеті жалған сертификатпен оқуға түскендердің тізімін жариялайды

2018 жылғы 26 сәуір 11:06 294
Бөлісіңіз:
Астана медуниверситеті жалған сертификатпен оқуға түскендердің тізімін жариялайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана медицина университеті жалған IELTS сертификатымен оқуға түсті деп айыпталып, ЖОО-дан шығарылғандардың тізімін жариялайтын болады. Бұл туралы бүгін университет ректоры Мәжит Шайдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Атыраулықтар бір жылда үш мың литр қан тапсырды Шетелдік дәрігерлер науқастарға жасанды буын қойып, аяққа тұрғызуда - Түркістан

«ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің комиссиясы жұмысын аяқтай салысымен, біз аталған резиденттерді, докторанттар мен магистранттарды осы залға жинап, тексеру қорытыдысы туралы ақпараты жария еттік. Олар аталған сертификаттардың жалған екендігін жақсы білген. Біз олардың ар-ұяттары оянып, өз еріктерімен оқудан шығады деп үміттендік. Өйткені, барлық құжаттардың Ішкі істер департаментіне берілгендігін айттық. Нәтижесінде 33 адам өз еріктерімен оқудан шығып кетті», - деді ол даулы мәселеге орай арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.

Астана медуниверситеті жалған сертификатпен оқуға түскендердің тізімін жариялайды

Университет басшысының айтуынша, жалған сертификатқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 18 сәуірге дейін 26 іс сотқа жіберілген. Жалпы 117 білім алушының 84-і сертификаттарын түпнұсқа деп санап, өз еріктерімен оқудан шығудан бас тартқан. Дегенмен, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің комиссиясы өз жұмысын аяқтағаннан кейін аталған білім алушылардың барлығы оқудан шығарылды.

Астана медуниверситеті жалған сертификатпен оқуға түскендердің тізімін жариялайды

«Біз сот шешімі шыққандардың тізімін жария етеміз. Олардың аты-жөндерін халыққа жеткізу қажет, адамдар білуі тиіс», - деді Мәжит Шайдаров.
Оның сөзіне қарағанда, университеттің аталған сертификаттарының түпнұсқа екендігін тексеруге процестің қиындығына байланысты мүмкіншілігі жоқ.

«Оның үстіне барлық сертификаттарды тексеруімізді міндеттейтін ондай норма жоқ. Сертификаттардың түпнұсқа екендігін сот-техникалық сараптама ғана айқындай алады», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Астана медицина университеті» АҚ-ға түсу үшін IELTS сертификатын сатып алған 100-ден астам студент оқудан шығарылды.

2017 жылдың күзінде емтиханды өз күшімен тапсырғандар жалған сертификат ұсынғандардың барына шағымданып, арыз түсірген болатын. Оған сәйкес тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде ағылшын тілін білу деңгейі бойынша тіркелмеген 117 сертификат анықталды.

Кейін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, тиісті комиссия құрылатындығын мәлім етті.

«Былтыр біз аталған университетке барып, жұмыстарын тексеріп, оларға балаларды оқудан босату бойынша нұсқама бердік. Бұл нұсқама ішінара орындалды. Студенттердің бір бөлігі өздерінің құқықтарын қорғау аясында сотқа жүгінді. Дегенмен де, нұсқама орындалуы тиіс. Бұл университет студенттерді оқудан босатуын дұрыс шешім деп санаймыз. Енді біз Денсаулық сақтау министрлігімен және университетпен бірге тиісті комиссияны құруымыз керек. Осы орайда оқу орны мен студенттерге қатысты қандай құқықтық қадамдар қабылдау керектігін талқылау маңызды», - деді Сағадиев.

Сонымен қатар, министр аталған мәселе бойынша өзге де оқу орындары тексерілетінін атап өтті.

Студенттер тарапынан жалған IELTS сертификаттарын алуы фактісі бойынша құқық қорғау органдары айналасып жатыр.

 

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Қоғам, Медицина, Заң,
Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
MURAǴAT