Astana Media Week - тілшілердің шығармашылығын шыңдауға үлкен мүмкіндік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада еліміздің түкпір-түкпірінен қаламын қару еткен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ат басын Арқаға бұрып, бас қаламыз Астанаға арнайы келді. Мақсат - журналист қауымы үшін жылдың басты оқиғасы саналатын үш күндік айтулы шара «Astana Media Week» қазақстандық медиа-апталығына қатысу.

Сонымен Қазақстан мен шет елдердегі медиаиндустрияның 60-қа жуық топ-менеджері, 50-ден астам продакшн-компанияның өкілдері, жалпы 2 мыңнан астам қонақты қарсы алған биылғы жиын «DIGITAL MEDIA» тақырыбында өтті. Медиа апталық - «Astana Media Week» шарасын ресми ашылу рәсімінде сөз сөйлеген еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осымен екінші рет өтіп отырған Astana Media Week елімізде ғана емес, аймақта да медиа нарықты қалыптастыруға және одан ары дамытуға серпін беретіндігіне сенімді екендігін баса айтты.null 

«Өйткені елордамыздың төрінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен бөлек, шетелдік әріптестер де өз ойларын ортаға салады. Бұл шараның негізгі мақсаты - отандық медиа нарықты жан-жақты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты», - деді ол.null 

Министрдің айтуынша, Astana Media Week-ке қатысуға ниет білдіретін мемлекеттер саны артып келеді. Себебі, бұқаралық коммуникациялар қоғамдық дамудың басты компоненті болып саналады. Ал осы саладағы мамандардың жұмысы ақпараттық ландшафтты өзгертіп қана қоймай, саясаттан бастап ауыл шаруашылығына дейінгі барлық салаларға серпін беріп отырады.null 

«Осы орайда өзекті мәселелерді дер кезінде талқылап, алдағы жұмыс жоспарын пысықтап отырған жөн. Сол себепті Astana Media Week-ке журналистер ғана емес, сарапшылар, PR мамандар және шетелдік қонақтар да шақырылып отыр. Барлығы 2 мыңнан астам адам бар. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын Astana Media Week аясында алғаш рет продакшн компаниялар үшін контент маркет ұйымдастырылды. Соның арқасында республикалық арналар жаңа әріптес тапты. Осы жолғы контент маркетке 18 республикалық және аймақтық арна өнімдері шығарылады. Оған Беларусь, Түркия, Ресей мен Өзбекстан өкілдері қатысады. Сондықтан да бұл апталықтың қатысушылар үшін озық тәжірибелермен танысып, пікір алмасып, шығармашылық шеберліктерін шыңдауға, жаңа теxнологияларды ел игілігіне жаратуға берілген үлкен мүмкіндік екенін ескерейік», - деді  Дәурен Абаев.null 

Медиа-апталық аясында «Контент-маркет» көрмесі ашылып, оған республикалық және өңірлік телеарналар, еліміздің барлық өңірлерінен келетін продакшн-компаниялар, жетекші вендингтік компаниялар қатысты. Шара аясында жаңа телебағдарламалардың, реалити-шоулардың, мультфильмдердің, көркем фильмдер мен деректі фильмдердің тұсаукесері ретінде питчинг жүргізілді. Сондай-ақ, медиа-апталықтың бірінші күні Media Talks пікірталас алаңы жұмыс істеп,  оған әртүрлі қызмет салаларының жетекші мамандары қатысты. Ток-шоу форматында өткен шара барысында «Болашақтағы кәсіптер» тақырыбы жан-жақты талқыға түсті.

«Өңірлік БАҚ форумы» тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналдыnull 

Аптаның екінші күнінде «Өңірлік БАҚ форумы» өткізілді. Оған медиа саланың беделді сарапшылары цифрлық БАҚ трансформациясы сауалдарын, контент нарығын, өндірісі мен дистрибуциясы қандай болатынын, Қазақстанда медиа сауаттылық пен медиа білімнің даму мәселелері мен болашағын, әрі отандық масс-медиа қызметіне қатысты заңнама саласындағы реформаларды талқылады. Бұл күні де Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев форум жұмысының ашылу рәсіміне арнайы келіп, қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі. Дәурен Әскербекұлы мемлекеттік мүддені халыққа жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың маңызы зор екендігіне, осы орайда қазіргі күні өңірлік ақпарат құралдарының алдында үлкен мақсат-міндеттер тұрғаны баса айтты. «Ол - Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық және рухани жаңғыру жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру», - деді министр.null 

Мұнан ары ол өткен жылы алғашқы форумда аймақтық ақпарат құралдары тарапынан бірқатар мәселе көтерілгенін, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұсыныстарды зерделеп, аймақтық медиа сапасын арттыру бойынша бірқатар шараларды іске қосқанын баса айтты.

«Атап айтқанда, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қазіргі эфирлік-цифрлық ақпарат, телерадиохабарларды таратуды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аймақтық форумның көздеген тағы бір мақсаты - ел тұрғындарының медиа сауаттылығын арттыру, медиа мәдениетін қалыптастыру. Жалпы, аймақтық журналистер тарапынан осындай мәселелер көтеріліп, оның белгілі бір деңгейде шешімін табуы форумның пайдалы тұсын аңғартады. Алдағы уақытта аймақтық форум өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналады деп сенемін. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өңірлік масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әзір»,- деді Дәурен Абаев.null 

Өңірлік форумға спикер ретінде қатысқан «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары газеттер, журналдар нарық жағдайына төтеп бере ала ма, өмір сүре ала ма, болашағы қалай болады деген сауалдар төңірегінде ой өрбітті. Сонымен қатар ол қазақ сөзінің қайнарын сақтап отырған газеттер мен журналдар екендігіне баса назар аударды. Ал ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов қазақстандық баспасөз мазмұн емес, тақырып берумен айналысып кеткендігін атап өтті.null 

«Адамдар интернетке кіргенде 8 секундтың ішінде ақпарат ала алмаса, онда шығып кетеді. Қазіргі кезде бұл уақыт одан да кейін шегерілуде. Соңғы зерттеулерге қарасақ, 3 секунд қана қарайды екен де, шығып кетеді. Осыған тән құбылыс шығар. Жалпы, біздің біраз баспасөз мазмұн емес, көбінесе тақырып берумен айналысып кетті. Яғни, үлкен тақырып береді. Тақырып адамды баурап алса, онда ол оқиды, қарайды. Тақырып баурамаса оның ішінде қызықты дүниелер болса да, аттап кетеді. Сол себепті тақырып қоюды да үйренуіміз керек шығар. Ол да үлкен мәселе әрі журналистік кәсібилікке байланысты. Мұны оңай реттеуге болады деп ойлаймын», - деді комитет басшысы.null 

Шараның тағы бір спикері TNS Central Asia бас директоры Татьяна Старцеваның дерегінше, Қазақстанда қала тұрғындарының 76 пайызы  теледидарды кемінде күніне бір рет қарайды екен. Сонымен қатар халықтың 51 пайызы Интернетте отырып, 36 пайызы радио тыңдайды, тағы 10 пайызы баспасөзді оқитындығы анықталған.null 

«Соңғы 3 жылда, әсіресе интернеттегі көрсеткіштер айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын көріп отырмыз. Интернетке күнделікті кіретіндер саны  айтарлықтай артты, соңғы үш жылда - 14 пайызға ұлғайған. Теледидарды көретін күнделікті аудитория 5 пайызға, баспасөз оқитындар саны 5 пайызға қысқаруда. Ал радио аудиториясы шағын болғанымен, өте тұрақты», - деді ол.

Айта кетерлігі, форум аясында Дәурен Абаев Шығыс Қазақстан облыстық «Рудный Алтай» газетінің - 100, «Атырау» газетінің - 95, Ақмола облыстық «Есіл Нұра» және «Вести Акмола» газетінің - 90, Қызылорда облыстық «Жаңақорған тынысы» газетінің - 85, Алматы облыстық «Заман жаршысы» газетінің - 85, Павлодар облыстық «Ақ жол - Новый путь» газеті мен Халық радиосының - 80, Қарағанды облыстық «Жаңаарқа» газетінің - 80, «Вечерний Алматы» газетінің - 50, «Маңғыстау» газетінің - 45, Қарағанды облыстық «Сарыарқа» газетінің - 45 , «Алматы ақшамы» газетінің - 30, Батыс Қазақстан облыстық «ТДК 42» телеарнасының - 20,  Қостанай облыстық «Алау ТВ» телеарнасының 20 жылдық мерейтойларымен құттықтап, БАҚ басшыларына алғыс хаттар табыс етті.

Интернет-бизнестің дамуы талқыға түстіnull 

«Astana Media Week» қазақстандық медиа-апталығының үшінші күнінде ASTANA DIGITAL FORUM өтті. Шараның ашылу шарасына ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Меніңше, қазіргі заманғы масс-медиа дәстүрлі және жаңа БАҚ-ты біріктіруі тиіс. Яғни расталған ақпаратты жедел жеткізулері керек. Бұған қоса, коммуникация үшін өзіндік платформа бола отырып, аудиториямен кері байланыс орнату да маңызды. Форум қатысушылары бұл тақырыпты да назардан тыс қалдырмайды деп ойлаймын. Бүгінде нарықтың белсенді қатысушылары жаңа диджитал-трендтерді өте жақсы сезінеді. Оларды қалыптастыруға қатысып, біздің реалийге бейімдейді. Біз өз тарапымыздан бұл процеске қолдау білдіріп, қажеттілігіне қарай көмек көрсете аламыз», - деді Нұргүл Мауберлинова.
null 

Форум барысында digital-мамандар, бренд-менеджерлер, онлайн-кәсіпкерлер,  БАҚ өкілдері және мемлекеттік орган қызметшілері  цифрлық медиа-дәуірдің жаңалықтарымен бөлісіп, келелі мәселелерді талқылады. Сонымен қатар интернет-бизнестің дамуы, кәсіпкерлер мен маркетологтардың, онлайн ақпарат құралдарының қарым-қатынасы кеңінен сөз болды. Жекелеген спикерлер интернет маркетин саласындағы тың кейістерді таныстырды. Ал «Сергек» жобасының авторы Әсет Ахметов, «Астана Innovations» АҚ-ның басқарма төрағасы Олжас Сартаев елордада жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалар жайында кеңінен сөз қозғады.

nullАпталықтың жабылу салтанатында Қазақстандағы үздік баспасөз қызметі жарияланды. Алдымен барша жеңімпаздарды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев құттықтап, олардың алдағы уақытта жұмыстарына толағай табыстар тіледі.

«Ең алдымен, осы шараны ұйымдастырып, бастан-аяқ жүргізген ұйымдастырушыларға, қатысқан телеарналардың басшыларына, қызметкерлеріне, продакшн компанияларға, журналистерге шын жүрегіммен алғысымды білдіремін. 2 мыңға жуық қонақ болды. Оның ішінде шетелден келген қонақтар да бар. Осындай шаралар жалғасын тауып, еліміздің медиа саласында оң нәтижесін береді деп сенемін», - деді Дәурен Абаев. null

Сонымен байқау қазылар алқасының шешімімен «Орталық мемлекеттік органның үздік баспасөз қызметі» аталымында Қорғаныс министрлігі, «Бизнес және квазимемлекеттің сектордың үздік баспасөз қызметі» аталымында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Жергілікті атқарушы органның үздік баспасөз қызметі» аталымында Алматы қаласының әкімдігі, «Қоғамдық ұйымдардың үздік баспасөз қызметі» аталымында ҚР Тұңғыш Президенті қоры, «Жылдың үздік баспасөз хатшысы» аталымында Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек, «Баспасөз қызметі - жыл серпіні» аталымында ҚР Бас прокуратурасы, «Үздік корпоративтік сайт» аталымында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жеңіске жетті. Жеңімпаздарға алғыс хат пен кубок табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар