Astana Media Week медиа нарықты қалыптастыруға негiз болады - Дәурен Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазмедиа орталығы» xалықаралық медиа-xабының аумағында Astana Media Week бірінші қазақстандық медиаапталық өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараның ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған медиаапталық тек Қазақстанда ғана емес, аймақтағы ортақ медиа нарықты қалыптастыруға және одан әрi дамытуға негiз болады деп сенетіндігін баса айтты.

«Осы орайда ең алдымен бүгiнгi жиынға арнайы келген шетелдiк әрiптестерiмiзге алғыс айтамыз. Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен iргесi қаланған «Қазмедиа» орталығы алдағы уақытта аймақтағы ықпалды медиахаб ретiнде үлкен рөл атқармақ. Astana Media Week осы орталық аясындағы бiрегей медиаға айналады деп сенемiз. Тұтастай алғанда бүгiнгi шараның басты мақсаты отандық медиа нарықты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Бiрнеше күнге созылатын жиынды осы саладағы соңғы өзгерiстер мен цифрлық технологияларды дамыту, өңiрлiк БАҚ-тың мәселелерi талқыланады. Осының барлығы қатысушылар үшiн озық тәжiрибемен танысып, шеберлiгiн шыңдауға, жаңа технологияларды ел игiлiгiне жаратуға берiлген үлкен мүмкiндiк», - деді Дәурен Абаев.
null 

Айта кетейік,  Astana Media Week атты медиаапталық бірінші рет өткізілуде. Апталықтың басты мақсаты - медиа нарығына қатысушылардың басын біріктіріп, ортақ бір алаңда жинау, өзекті ортақ мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын ұсыну. Шара негізінен үш күннің ішінде өтеді. Бірінші күн «Контент-маркет» деп аталады. Онда ұлттық телеарналардан бастап, шағын жекеменшік  телеарналарға дейін арнайы ұйымдастырылатын көрмеге қатысып, продакшн компаниялар мен телеарналардың арасында тікелей сұхбат алаңы жасалды. Отандық телеарналардың мэтрлері телеөндіріс, кино өндіріс, шоу-бизнес, радио журналистикасы сынды салаларға қатысты шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибелерімен бөліседі. Мұнан бөлек MediaTalks алаңы ұйымдастырылады.
null 

Шараның екінші күнінде «Astana Digital Forum» форумы өтеді. Онда электрондық интернет-басылымдардың жай-күйі талқыға түсіп, қазіргі күннің өзекті тенденциялары электрондық сауда, криптовалютаға көшу сынды өзекті мәселелер көтеріледі.

Ал үшінші күні «Өңірлік БАҚ» форумы өтіп, баспасөздің жай-күйі, өзекті мәселелері, оларды сақтап қалу, аймақтық деңгейдегі мәселелерді көтеру, БАҚ  саласындағы заңнамалар, өзгерістер, журналистика әдебі проблемалары қозғалады.  Сонымен қатар осы іс-шараның аясында Қазақстан баспасөз клубының ұйымдастыруымен «PR күні» өтеді. 

Соңғы жаңалықтар