Астана маңындағы ауылдар күшті желден соң жарықсыз қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті сейсенбі, 22 мамыр күні болған күшті желден соң Астана мен Ақмола облысындағы жағдай туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет таратқан мәліметтерге қарағанда, Астанада 22 мамыр күні сағат 13.15 пен 13.20 минут аралығында күшті желдің салдарынан (секундына 21 метр) ғимараттарға зиян келтіру мен олардың шатырын жұлып кету сияқты 11 жағдай тіркелген.

Айталық: Бейбітшілік пен келісім сарайы (жалпы көлемі 141 шаршы метр болатын сыртқы қабаты мен керомаграниттен салынған 427 шаршы метр аумақтағы қасбеті мен кіреберіс қақпасына зиян келген), №43 орта мектеп (400 шаршы метр болатын шатыр жұлынған), «Арай» балабақшасы (200 шаршы метрді алып жатқан шатыры жұлынып, балалар алыңына зақым келген), «Дәурен» балабақшасы (200 шаршы метр аумақта шатыры жұлынып, балалар алаңына зақым келген), Ұлттық музей (100 шаршы метр аумақтағы шыны қабырғаға зақым келген), «Олимп Палас-2» ТК (10 шаршы метрді алып жатқан сыртқы қасбеті жұлынған, жаңа салынып жатқан бизнес-орталық (газ блогынан қаланған 15-қабаттың 20 метр аумағы құлаған), №24 мектеп (600 шаршы метр болатын шатыр жұлынды), №45 мектеп (800 шаршы метр шатыр жұлынған), «Жауқазын» балабақшасы (10 метр болатын балалар алаңшасының шатыры жұлынған), «Нұрай» балабақшасы (10 шаршы метр болатын балалар алаңшасының шатыры жұлынған), сонымен қатар жаңа салынып жатқан екі нысанда (Есіл ауданы, Түркістан көшесі 4 үй мен Сарыарқа ауданы Сұлукөл көшесі 14 үй) екі биік кран құлады. Зардап шеккендер мен мерт болғандар жоқ.

Халықаралық әуежайда «Шымкент-Астана» бағыты бойынша ұшып келіп, жерге қонғаннан кейін жүріп келе жатқан «Эйр Астана» компаниясының А-320 ұшағы қауіпсіздік жолағына өтіп кетіп, екі жарық шамы мен 2 билбордты іліп кеткен. Ұшақтың бортында 97 жолаушы болған. Соның салдарынан ұшақтың сол жақ қозғалтқышының сыртқы қабаты зақымданған. Зардап шеккендер мен мерт болғандар жоқ.

Сағат 17.00-дегі жағдай бойынша, «112» пультіне түрлі заттардың құлағаны және көліктердің зақымданғаны туралы 875 қоңырау түскен.

Медициналық көмекке барлығы 10 адам жүгінген. Олардың 9-ы алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілді, 1 адам ауруханаға жатқызылды.

Ақмола облысында сағат 14.30-да Целиноград, Аршалы аудандарының аумағында күшті жел тіркелді, жылдамдығы секундына 25 метр және одан да жоғары болды. Целиноград ауданында аталған табиғаттың дүлей күші негізінен Ақмол, Қосшы, Қаратөткел ауылдық округтерінде тіркелген. Ақмол, Қосшы, Қараөткел және Қаражар елді мекендеріне біршама қиындықтар тудырды.

Нақтырақ айтқанда, аталмыш төрт ауылда күшті жел салдарынан электр желілері үзіліп, электр тарату бағандары құлады.

Сағат 19.00-дегі жағдай бойынша, электр энергиясы Ақмол ауылына берілген. Ал Қосшы, Қаражар, Қараөткел ауылдарында (1300 абонент электр жарығынсыз отыр) электр желілерін қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Соңғы жаңалықтар