Астана маңындағы аудандарға қашан газ тартылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 2019 жылдан Ақмола облысының Аршалы және Целиноград аудандарының 100 мың адам тұратын 20 елді мекеніне газ тарту жұмыстары басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстың ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Астана маңындағы аудандарды газдандыру Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауқымды «Сарыарқа» магистралды газ құбырын тарту жобасы аясында іске аспақ.

«Қызылорда - Қарағанды - Астана» магистралды газ құбырының 1-учаскесінің құрылысы аясында 2019 жылы «Аршалы» автоматты газ үлестіру станциясынан, сондай-ақ «Астана» 1-ші және 2-ші автоматты газ үлестіру станцияларынан, Аршалы, Целиноград аудандарын газдандыру мүмкіндігі туындайды.

«Үстіміздегі жылдың мамыр айында облыстық бюджеттен «Қызылорда - Астана» газ құбырына жанасатын елді мекендердің жоба-сметалық құжаттамаларын іске асыруға 100 млн теңге (бастапқы кезең) бөлінді. Соның ішінде Целиноград ауданына 43,9 млн бөлініп отыр. Елді мекендерге газ тарту екі кезеңмен жүргізіледі. Алдымен Кіші Тимофеевка, Қоянды, Шұбары ауылдары, ал екінші кезеңде Ақмол, Қосшы, Қараөткел, Приречное ауылдары газдандырылады», - дейді ведомстводағылар.

Аршалы ауданы бірінші кезеңде Анар, Донецкое, Түрген, Берсуат, Байдола, Аршалы, Ақбұлақ, Ақтас, Ижевск, Шөптікөл, Бабатай, Арнасай, Волгодоновка, 42-разъезд, Қойгелді, Жалтыркөл, Жібек жолы ауылдарын газдандыру үшін 56,1 млн теңгені игереді.

«Екінші кезеңде Целиноград және Аршалы аудандарының 151 мың тұрғыны бар 44 елді мекенін газдандыру жоспарланып отыр. Астана - Көкшетау учаскесіндегі газ құбырының екінші кезеңі 2022 жылы басталады», - дейді ведомство өкілдері.

Соңғы жаңалықтар