Астана маңында құны 82,5 млрд теңге болатын жел электр стансасы салынады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жүзеге асырылатын жобалар алдағы жылдарда баламалы көздер арқылы электр энергиясын өндірудің үлесін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылға қарай «жасыл» жобаларды іске асыру арқылы жаңартылатын энергия көздерін 46,2%-ға дейін арттыруға болады. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауда көрсетілген тапсырмаларын толығымен орындауға мүмкіндік береді. Онда 2030 жылы Қазақстанда баламалы энергияның үлесі 30%-ды құрауы тиіс екендігі аталып өтілген болатын.

Ақмола облысының жел әлеуеті жоғары өңірі ретінде Ерейментау ауданы қарастырылып жатыр. Онда жел электр стансасының құрылысы бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

«Мысалы, Индустрализация картасы аясында «Бірінші жел электр стансасы» ЖШС Ерейментау ауданында қуаттылығы 45 МВт болатын жел электр станциясын пайдалануға берді. 2015 жылы электр энергиясын өндіру 78,9 млн кВт/сағат болса, 2016 жылы - - 141,6 млн кВт/сағат (облыстағы электр энергиясының 17%), 2017 жылы 166,4 млн кВт/сағатты (19,6%) құрады. Целиноград ауданында «Агрофирма «Родина» ЖШС 2013 жылы қуаттылығы 750 кВт/сағат болатын жел энергетика қондырғысын іске қосты», - деді ведомствода.

Аршалы ауданында «Ақбота» қоғамдық қоры күн энергиясын қолданатын су жылытқыш батареялары, жарықдиодты жарықтандыру, пиролиздік пеш, жылыжайларда өсімдіктерді тамшылатып суару сияқты жаңа «жасыл» технологияларды орнатқан.

Қазіргі таңда өңірде баламалы энергетика саласында ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Аршалы ауданында «ЦАТЭК Green Energy» ЖШС қуаттылығы 100 МВт болатын жел электр стансасының құрылысын бастады. Жобаның қуаттылығ 82,5 млрд теңге.

«KB Enterprises» ЖШС Целиноград ауданында құны 165 млн еуроны (60 млрд теңге) құрайтын күн электр стансасының құрылысы бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар