Астана LRT көлік картасын толтырудың жаңа әдісін енгізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Astana LRT ЖШС Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов көлік картасын толтырудың жаңа әдісін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған қосымша қазір Android ұялы телефондарына жүктеліп жатыр. Бұл қызмет Android-та қолжетімді. Көп өтпей iOS-та да қолжетімді болар деген сенімдемін. Біз қазір бұл жүйені тестілеуден өткізіп жатырмыз. Қазір бізде қолданыла бастаған тек жұмыстағы нұсқасы, ол Реал ЛРТ деп аталады. Ол - мобильді қосымша», - деді компанияда өтіп жатқан дөңгелек үстелде Astana LRT ЖШС Басқарма төрағасы.

Яғни, бұдан былай балансты білу үшін карточканы ұялы телефонға екі жағымен де басып, тексеруге болады. Бірақ, бұл ретте телефон NFC модулімен жарақтандырылуы керек.

«Міне, сол кезде ол баланстың қанша қалғанын бірден көрсетіп береді. Ендігі кезекте біз бірден ақшаны толтыра аламыз. Ұялы телефондағы «Толтыру» деген тетікті басамыз да, соманы енгізіп, карточканы телефонның үстіне тигіземіз. Осыдан кейін балансты тексеру үшін карточканы автобустың ақша алатын аппаратына басып көреміз», - дейді ол.

Бекмырза Игенбердиновтың айтуынша, компания осы амал арқылы көлік карталарын толтыратын жаңа автоматтарды сатып алудан бас тартпақ.

«Қазіргі уақытта біз осы жүйені тестілеп жатырмыз. Алдағы 1-1,5 айдың ішінде жүйені толық тестілеуден өткізіп, бүкіл қала бойынша іске қосып, шығындардан арылғымыз келеді. Бізде қазір 30 ЛРТ-автомат пен алты касса бар. Жолаушылар карточкасын толтыруға 36 нүкте деген аз. Адамдардың басым көпшілігі киви арқылы ақша салғысы келмейді», - дейді компания басшысы.

Бекмырза Игенбердинов атап өткендей, әлемде мұндай форматтағы қызмет әлі жүзеге асырылмаған.

«Қазір біздің мамандар, «Болашақпен» оқып келген түлектер - осынау бағдарламалық өнім бойынша тұтас команда жұмыс жүргізіп жатыр», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар