«Астана LRT» қоғамдық көлік тарифінің қымбаттау себебін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана LRT» Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов қоғамдық көлікте жолақы төлеудегі өзгерістер мен тарифтің қымбаттау себебі жайында мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

2018 жылдың 10 шілдесінде «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінде және Астана әкімдігі сайтында «Астана қаласы бойынша қалалық және қала маңы қатынастарында жолаушылар мен багажды тұрақты автомобиль көлігімен тасымалдау тарифтерінің кейбір мәселелері туралы» Астана әкімдігінің Қаулысы жарияланған болатын.

Брифинг барысында «Астана LRT» ЖШС Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов «сараланған тарифті енгізудегі мақсат - қоғамдық көлік саласындағы көлеңкелі ақша айналымын түп тамырымен жою, бюджетке түсімдерді молайту, қаланың көлік жүйесін одан әрі дамытуға көбірек қаражат бөлу» екенін айтып өтті.

Бұл ретте тарифтер мынадай мөлшерде белгіленді:

Қолма қол ақшасыз төлеу кезінде (көлік картасы арқылы):

дағдылы қалалық бағыттарда  - 90 теңге

экспресс қалалық бағыттарда  - 180 теңге

қала маңы бағыттарында  -   1 км үшін 8 теңге.

Ақшалай төлеу кезінде: 

дағдылы қалалық бағыттарда - 180 теңге

экспресс қалалық бағыттарда -  250 теңге

қала маңы бағыттарында - 1 км үшін 11,5 теңге.

Сонымен қатар, қаулыға сәйкес, жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі істемей қалған жағдайда, жол ақысын көлік картасымен төлейтін жолаушының тегін жүруге қақысы бар.

Енді көлік картасын пайдаланатын жолаушылардың алғашқы валидация жасаған сәттен бастап 60 минут ішінде 1 (бір) рет тегін ауысып отыру мүмкіндігі болады. Бұрын тегін ауысып отыру санына шек қойылмайтын.

Сондай-ақ, «Астана LRT» басшылығы сараланған тариф енгізілгенге дейін пайдаланушыларға көлік карталарын сатып алу мен толтырудың қолжетімділігін түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Еске сала кетейік, Астанадағы қоғамдық көлік жолақысының 2018 жылдың 21 шілдесінен бастап қымбаттайтынын осыған дейін жазған болатынбыз. 

 

Соңғы жаңалықтар