Астана LRT: Қоғамдық көлік бағасы көтерілмейді, тек сараланады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 шілдеден бастап Астананың қоғамдық көліктерінде жаңа сараланған тариф жүйесі күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұрын айтылғандай Астана әкімдігі үстіміздегі жылдың 21 шілдесінен бастап қалалық қоғамдық көліктердің жаңа тариф жүйесіне көшетінін хабарлады.

Сараланған жаңа жүйеге көшуде алдымен көлік карталарының сатылымы артқан. Соңғы екі күн ішінде 16 500 көлік картасы сатылды. Жыл басында көлік картасын қолданушылар 5 % болса, қазірде 50% асты.

«Біздің байланыс орталығымызға, ресми сайтымызға, әлеуметтік желілеріміз арқылы тарифтің өзгеруіне қатысты көп сұрақтар келіп жатыр. Алайда алаңдауға себеп жоқ. Көлік картасымен төлеу кезінде қалалық қоғамдық көлікте жүру құны бұрынғы қалпында қалады, яғни ересектер үшін 90 теңге, 7-15 жастағы жасөспірімдер үшін 40 теңге», -деді Астана LRT Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов.

Көлік картасын сатып алу үшін қала бойынша 6 мамандандырылған касса, 30 RTVM-автоматтары, 51 сауда орындары жұмыс істейді. Ал көлік картасын Qiwi- терминал, kaspi.kz интернет-банкинг, Астана LRT компаниясының www.transcard.kz сайты арқылы онлайн толтыру қолжетімді болады.

Сонымен қатар ертеңнен бастап кондуктор қызметі жойылады. Бүгінді таңда жұмыс істеп жүрген кондукторлар жол ақысын электрондық төлеу жүйесінің жұмысы бойынша кеңесші болады.

Сондай-ақ, басқарма төрағасы жолаушыларды отырғызу мен түсіру ережесінің де өзгеретініне тоқталды.

«Осы ереже енгізілместен бұрын халықаралық тәжірибе зерттелді. Көптеген ірі мегаполистерде автобусқа тек алдыңғы есіктен кіреді әне жолаушылар көлік картасымен кіре сала төлем жасауы тиіс», - деді ол.

Өз кезегінде Көліктік бақылау департаменді Астана ІІД Жергілікті полиция қызметімен бірге, қала автобустарына тексеру жүргізеді. Соңғы екі күндегі тексерістің нәтижесінде 34 жолаушыға, 163 540 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Соңғы жаңалықтар