Astana LRT ісі: Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сотталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада салынбай қалған Astana LRT құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қанат Сұлтанбеков Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-тармағы және 28-баптың 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылсын. Мемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздік деңгейі орташа деңгейдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін», - деді судья Виктория Семенова үкімді оқи отырып.

Айта кетсек, Т.Ардан мен Қ. Сұлтанбековке қатысты үкім сырттай шығарылды.

Судья оның себебін екі сотталушының да Қазақстаннан тыс жерде екенін және сотқа келуден жалтаруымен байланыстырды.

«Талғат Ардан Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Айыптыны мемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздік деңгейі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін», - деді судья.

Еске сала кетсек, өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров «Астана LRT» компаниясы бойынша іс сотқа жолданғанын хабарлаған еді.

Кейінірек осы іс бойынша алғашқы сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев LRT ісі бойынша жауапты адамдар бақылаушы органдардың сұрағына жауап беруі керектігін ескерткен болатын.

Сондай-ақ Президент былтыр күзде LRT құрылысын жеделдетуді және оған қатысты істі тергеуді тапсырған болатын.

Артынша өткен жылдың қаңтар айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің екінші департаментінің басшысы Сергей Перов елордада LRT құрылысын салу барысында қаражат ұрлау қылмыстық ісін тергеу шаралары аяқталғанын мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар