Astana LRT: 6 млрд теңгеге жуық қаржыны талан-таражға салғандар 7-10 жылға сотталды
2021 жылғы 28 мамыр 17:44

Astana LRT: 6 млрд теңгеге жуық қаржыны талан-таражға салғандар 7-10 жылға сотталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Astana LRT ісінде айыпты деп танылған лауазымды тұлғаларға үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сот шешімі қалалық соттың ресми сайтында жарияланды.

Бүгінгі сотта Astana LRT жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңгені талан-таражға салды деген күдікпен бірнеше лауазымды тұлғаның ісі қаралды.

Олар - қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының экс басшысы Р.М. Аманжолов, «MG-Pro» директоры Д.С: Әбдіхамитов, «Nur Trade Astana» ЖШС директоры У.И. Ачилов, «Геобур» ғылыми-өндірістік фирмасының директоры Т.Н. Қасабаев, қалалық қаржы басқармасының бұрынғы басшысы Ж.Г. Нұрпейісов, «Астана Инновейшн» АҚ басқарма төрағасы Т.С. Әшім, «Rimteks» ЖШС директоры Д.Б. Мүсенов.

Прокурор сотталушыларға 7-ден 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші тарап прокурормен келісті.

Қорғаушы тарап сотталушылар Мүсенов пен Әшімді ақтап, бас бостандығынан айырумен байланысы жоқ жаза тағайындауды сұрады.

Сот әр сотталушының қылмыс жасаудағы рөлі мен қатысу дәрежесін және келген залал - 5,8 миллиард теңгенің 45 миллион теңгесі ғана өтелгенін ескерді.

Осылайша сот:

- Аманжоловты - 10 жылға, Нұрпейісовті - 8 жылға, Әшімді - 7 жылға;

- Әбдіхамитов, Ачилов, Қасабаевты - 8 жылға және Мусеновті - 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Сотталушылар мен азаматтық жауапкерлерден шығын сомасы 5 833 300 827 теңге өндіріп алынады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен мәжілісте LRT құрылысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырған болатын.

Істі тергеу 2020 жылдың басында аяқталды. Тергеу кезінде 10-нан астам адамның жауапкершілігі тексерілді.

Сондай-ақ, 3 адамға Интерпол желісі арқылы іздеу жарияланған.

Іс сотқа 2020 жылдың 2 қазанында жолданды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-департаментінің басшысы Сергей Перов осы іске қатысты күдікті деп танылған Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің қайда жүргені туралы ақпарат бар екенін мәлімдеген еді.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT