Астана күннің қозғалысы бойынша салынған - Виктор Киянский

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Астананың 20 жылдығы биылғы аса елеулі оқиғаның бірі екендігі анық. Елорданың қалай салынғанын, жай-күйін жақсы білетін жандардың бірі - Орал қаласында тұратын техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдарының депутаты Виктор Киянский. Ол еліміздің бас қаласы туралы ой-толғамын ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

-Виктор Владимирович, сіз депутаттық қызметіңізді атқарған кезде, яғни 2007-2016 жылдары Астанада тұрдыңыз. Ал өзіңіз елордамызды алғаш рет қашан көріп едіңіз?

-1997 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болашақ елорданың тұсаукесері болатынын алдын ала жария еткен болатын. Мен сол сессияға қатысып, үлкен әсер алып едім. Сонда Ақмола қаласында еліміздің заманауи орталығы бой көтеретінін Президент сенімді түрде айтқан еді. Сондықтан менде елорданың кешегісі мен бүгінгісін салыстыруға мүмкіндік бар. Әрі депутат болған кезімде еліміздің бас қаласының қалай өзгеріп жатқандығын әр күн сайын байқап отырдым.

Астананы салу барысында оның идеясы мен формасы, заманауи жетістіктерді қабылдауы өзара үйлесім тапты. Қаланың дамуы оның бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы бақылауында. Мен кезінде қаланың архитектурасы туралы эссе жазған едім. Онда тарихпен және бүгінгі заманмен үндеспей тұрған бірде-бір ғимарат жоқ екенін атап өттім. Кездейсоқ салына қалған объекті жоқ. Астананың сәулетіне қарап тұрып, Қазақстанның тарихын байқауға болады! Айталық, «Бәйтерек» кешені қаланың нақ ортасы болса, сіз сол жерде тұрып, жан-жаққа көз салсаңыз, көп жайтты аңғарасыз. Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида), «Ақорда» резиденциясы, «Бәйтерек», «Хан Шатыр» - осылардың барлығы бір сызықтың бойында орналасқан. Астана - күннің қозғалысы бойынша салынған қала. Пирамида тұсынан шыққан күн «Хан Шатыр» сауда орталығы тұрған батыс жаққа барып батады.

Сол секілді тағы бір айрықша ғимарат бар, оған көп адам мән бере бермейді. Өзім стандарттау және метрология саласының маманы ретінде айтар болсам, Астананың орталығында куб тәріздес ғимарат бар. Ол - Мәңгілік ел көшесіндегі Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты. Соның жанында дәл уақытты көрсететін Эталон орталығы бой көтерген. Бүкіл қазақстандықтар осы уақыт көрсеткішіне қарап өз сағаттарын түзетеді. Ол өте дәлдікпен жүретін атомдық сағат. Бұл Орталық Азиядағы уақыт дәлдігін беретін құрылғы болып табылады.

Осы жерде айта кетуім керек, дала халқы үшін, көшпелілер үшін уақыт өте маңызды рөл атқарған. Өйткені олар табиғат мезгілдері мен уақытқа қарап, малды қай кезде өріске шығаруды, жайлауға алып шығуды алдын ала жоспарлап, біліп отырған.

Ертеде шатырларды орнатқанда есіктерін шығысқа қаратқан. Ал бір жағына қарай көлбеу салынған жоғарғы жағы темірқазық жұлдызына бағытталған. Астанадағы «Хан Шатырда» да осы ерекшеліктер сақталған. Өзім әрбір ғимараттың терең сырын ұғынғым келеді. Оның «айтайын» деген «ойына», сәулетімен астасқан «әуеніне» құлақ түремін. 2011 жылы ашылған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы - елдің өркениет әлеміне ашқан есігі. Қазақ халқының қонақжайлылығының белгісі. Ол - шетелден келген меймандарды қарсы алатын киелі қақпа. Оның мәні де өте тереңде. Сондықтан Астананы тарихпен үндескен, географиялық ерекшелігі сақталған қала деуімнің сыры осында жатыр. Қаланың әрбір тұрғыны және қонақтар кез келген ғимаратқа қарағанда, сәулет өнерінің тылсым табиғатын түсінгенін қалар едім.

Сондай-ақ Әлем әртісі Айман Мұсақожаева жетекшілік ететін Қазақ ұлттық өнер университетінің бас корпусы орналасқан ғимарат та ерекше. Халық ол ғимаратты «Қарлығаштың ұясы» деп атайды. Шынымен де, қазір ол ғимаратта қарлығаштың балапандары сияқты өнерлі жастар тәрбиеленуде. Түрлі өнер аспаптары мен жастардың дауысына құлақ түрсең, мыңдаған құстардың дауысын естігендей боласың. Мен оны ғажап дауыстар жинақталған оркестр дер едім. Түлеп ұшқан жастар қазақ музыкасын әлемге таратып жатыр. Мұндай музыка академиясы әлемде өте сирек екенін айта кеткенім жөн. Қазақ халқы үшін домбыраның орны бөлек. Күйшілер әлемге танылған музыкалық туындылар шығарып кеткені белгілі. Батыс Қазақстанда туып-өскен Құрманғазы, Диналар шығарған күйлер халық мұрасына айналды. Ал бүгінгі таңда «Қарлығаштың ұясында» сол күй өнерінің өз жалғасын тауып жатқаны қандай ғанибет! Өйткені қазіргі кезде қазақ өнері әлемге кеңінен танымал бола бастады. Жер жүзінің ең керемет залдарында қазақстандықтар ән салып, музыкалық аспаптарда орындаушылық шеберліктерін танытып жүр. Еліміздің ән-күйі шырқалған кезде қазақ халқының ашық-жарқын көңілін көруге болады. Осындай жетістіктерімізді де көре білгеніміз дұрыс.

Мен үшін Астана осындай қайталанбайтын архитектуралық келбетімен ерекшеленеді. Мен барша қазақстандықтарға «Астанаға қараңыздар, Астананы сүйіңіздер және Астанамен мақтаныңыздар! Астананың патриоты болыңыздар» деп айтар едім. Өйткені жаңа, жас, көрікті және қайталанбайтын ерекшелігі бар мұндай елорда қазір әлемде жоқ.

-Астананың халықаралық маңызы туралы не айтар едіңіз?

-Бүгінгі таңда Астана әлемнің ең маңызды проблемалары ортаға салынатын және оң шешімі шығарылатын саяси орталыққа айналды. ХХІ ғасырдың көкейкесті мәселелері Астанада талқыланатын болды. 20 жылдың ішінде ЕҚЫҰ саммиті өтті, онда Астана декларациясы қабылданды. Шанхай ытымақтастық ұйымының, Ислам ынтымақтастық ұйымының маңызды басқосулары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Соның бәрі Қазақстанның және Елбасының әлем алдындағы жеке беделінің және бар күш-жігерін салуының арқасында жүзеге асқанын жақсы білеміз.

Әлемнің дәстүрлі діндері көшбасшыларының съездері болды. Ол біздің басқа діндерге де түсіністікпен, тағаттылықпен қарайтынымызды көрсетті. Өзгелерге басқыншылық ниеті жоқ, адамдардың жанына ізгіліктің нұрын себетін барлық дәстүрлі діндерді қолдайтынымызды айқын танытты.

Басқа да халықаралық беделді ұйымдардың форумдары, келелі отырыстары біздің елдорамызда табысты өтті және тарихи шешімдер жасалды. Бүгінде әлемдік қоғамдастықта еліміздің рөлі мен беделі артып келеді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде  Қазақстан өз қызметін адал әрі сенімді атқаруда. Осы орайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана ел мен елді татуластыратын, бітімгершілікке шақыратын бейбітшілік алаңына айналып отыр. Оған бір ғана мысал ретінде Сириядағы соғысты тоқтату мақсатында өткен басқосуларды айтсақ, жетіп жатыр.

Қазақстан өз егемендігін алған кезден бері қарай бейбітсүйгіштік саясатын үздіксіз жүргізіп келеді. Соның нақты бір дәлелі - Семей сынақ аймағын жауып, ядролық жарылыстардан бас тарту жөнінде әлем елдеріне бастама көтергені. Өйткені қазақ жері ядролық сынақ жасаудан көп зардап шекті. Астанада осы тақырыпта да көптеген жаһандық конференциялар болып өткен еді. Сондықтан да Астананың халықаралық тұрақтылық пен халықаралық тәртіпті сақтаудағы рөлі айрықша.

Соңғы жылдары Астана көшелерінің заманауи жаңартылуы, жолайрықтарының салынуы, «ақылды» бағдаршамдар, бейнебақылау камералары сияқты озық технологиялық құрал-жабдықтардың орнатылуы кім-кімді де сүйсіндірмей қоймайды. Энергияны аз пайдалану, адамдар үшін жайлы инфрақұрылым қаланың басты ерекшеліктері болып тұр.

Сонымен қатар велосипедпен серуендеушілер үшін арнайы жолақтардың болуы оң өзгерістер дер едім. Мұның бәрі қаланың өркениет жолындағы жаңалықтары екені белгілі.

Өзім қай қалада тұрсам да, табиғат аясында серуендеп жүргенді жаным қалайтын адаммын. Оралда Жайық жағасында жүремін, Астанада тұрған кезімде Есіл бойында серуендейтінмін. Кейде жаяу араласам, енді бірде велосипедпен жүремін. Табиғатпен сырласқанға не жетсін! Жан-дүниең тазарып, көңілің марқайып қалады.

-Өзге адамдар көп байқай бермейтін тағы басқа қандай істер атқарылғанын айтар едіңіз?

-Жалпы, өзіме экология тақырыбы жақын. Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезімде мен осы Палатаның Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі болдым. Су өмір нәрі ғой. Байқап қарасақ, әлемнің көптеген қалалары өзен-көлдердің жағасында орналасқан. Біздің елімізде де сондай қалалар аз емес. Соның бірі - Астана. Осыдан жиырма жыл бұрын Есіл өзенінің жағасы күтімсіз жатқан еді. Қамысы қаулап өскен, масасы өте көп, жағасындағы батпағынан аяқ алып жүргісіз еді. Әрі өзен аңғары бірде жіңішке болып келсе, бір жерінде жайылып жататын. Соның бәрін қазіргідей ғажап күйге келтіру үшін ғаламат жұмыстар жүргізілді. Есіл өзенінің аңғары ұлғайтылды, жағалауы көтеріліп, екі жағы бетон тастармен бекітілді. Масалардың ұясы болып келген қамыстар жойылды. Өзеннің түбіндегі батпағы мен өлі топырағы, шырмауыққа айналып кеткен балдырлар мен шөп-шаламдары бірнеше жыл бойы арнайы техниканың күшімен тазартылды. Оны да өз көзімізбен көрдік. Қазір қарап көрсеңіз, оң және сол жағалаудың арасында ағып жатқан ғажайып өзенге айналды. Әрі көрікті, әрі халық серуендеп қыдыратын, таза ауада демалатын орын болып отыр. Осындай игілікті іс өзге өңірлерде де қолға алынса, өзен-көлдеріміз өркениетті қалалардағыдай керемет кейіпке енер еді. Бұл - бір.

Екіншіден, Астананың іргесінде Талдыкөл деген көл бар. Оған 1970 жылдан бері қарай қаланың лас суы төгіліп келген еді. Соның нәтижесінде, әсіресе, көктем мен жазда жел оңтүстік-батыстан соққан кезде көлден шығатын өте жағымсыз иіс қаланы алып кететін еді. Бұл келеңсіз жайт Астана тұрғындары мен қонақтарын жиі мазалайтын үлкен бір проблемға  айналған-ды. Президенттің тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап лас суды төгу мүлдем тоқтатылды, Талдыкөлді тазарту және төңірегін көгалдандыру жұмыстары басталды. Соның арқасында қазір жағымсыз иіс жойылды. Талдыкөл келешекте демалыс аймағы болмақ. Сол үшін қазір жоба бойынша көптеген істер атқарылуда. Жаяу адамдар және велосипедпен серуендейтін жолдар салынады. Көлді айналдыра ағаштар егу ісі қолға алынды. Міне, осыдан-ақ экологияны жақсарту, өзен-көлдерді қорғау, оның биологиялық әртүрлілігін сақтау мақсатындағы ауқымды жұмыстардың сәтті жүзеге асып жатқанын көреміз. Ең бастысы, қандай жоба да ғылыми негізде, жан-жақты зерттеуден өтіп барып, жүргізілгені абзал. Сонда табиғатқа адамның зияны тимейді.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының мүшесі В.Киянский сонымен қатар Экология, адам және табиғат қауіпсіздігі халықаралық ғылым академиясының академигі (Санкт-Петербор қ.,) және Халықаралық экология академиясының академигі (Минск қ.,). Ғылыми журналдарда 300-ден астам мақалалары жарияланған, оннан астам ғылыми кітаптары жарық көрген. 7 өнертабыстың авторы. Сондай-ақ ол -Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.    

Соңғы жаңалықтар